«Мұндай кесапат ешқашан қайталанбауға тиіс» – Қасым-Жомарт Тоқаев

/
«Мұндай кесапат ешқашан қайталанбауға тиіс» – Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Бұл туралы Президент Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Біз жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Зұлмат заманда қаза болған жандардың рухына тағзым етеміз.Өткен ғасырда Кеңес Одағына қарасты көптеген халық талай қиындықты бастан өткерді. Соның ішінде қазақ елі де зобалаң жылдардың тауқыметін тартты. Күшпен ұжымдастыру науқаны кезінде мал-мүлкінен айырылды. Жұртымыз алапат аштықтан қынадай қырылды, көп адам жан сауғалап, шетел асып кетуге мәжбүр болды.

Сталиндік репрессия кезінде ұлтымыздың зиялылары, білімді, көзі ашық азаматтар жаппай қудаланды. Мыңдаған адам халық жауы атанып, аяусыз азапталды, сотсыз атылды. Ұлтымыз аз ғана уақыт ішінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сияқты мыңдаған ең асыл перзенттерінен айырылды», — деді президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан аумағында ГУЛАГ жүйесінің 11 лагері орналасқанын атап өтті.

«АЛЖИР» де – дәл сондай қасіретті жердің бірі. Мұнда жазықсыз жала жабылған 8 мыңға жуық әйел қамауда отырып шыққан. Олардың арасында Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сынды әйгілі тұлғалардың жұбайлары бар. АЛЖИР азабын көрген жандардың ұрпақтары қазір ортамызда отыр.

Саяси қуғын-сүргін – тек қазақ халқының басына түскен зобалаң емес. Мысалы, АЛЖИР-де алпыстан астам этнос өкілдері қамауда болды. Сондықтан сол қасіретті дәуірдің құрбаны болған, зардабын тартқан жұрттың бәрі осы нәубеттерден сабақ алуы керек. Мұндай кесапат ешқашан қайталанбауға тиіс. Ал қазіргі тарихи заманда бұл тек өзімізге ғана байланысты. Ұлт жылнамасындағы қаралы кезеңдерді жадымызда жаңғыртудың түпкі мәні осында», — деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу – ата-бабалардың және кейінгі ұрпақтың алдындағы қастерлі борышымыз.

«Соңғы жылдары бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыдан 5 жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Көптеген сарапшылар мен ғалымдар үш жыл бойы тынымсыз еңбек етті. Мемлекеттік және мекемелік архив құжаттары егжей-тегжей зерттелді. Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды. Екі жарым миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды.
Комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалды. Қуғын-сүргін кезінде Алашорда қайраткерлеріне қатысты қозғалған істер 12 том болып жарыққа шықты. Бұл еңбекті әзірлеу барысында бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді», — деді ол.

Сондай-ақ Президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құжаттарын зерттеумен айналысатын арнайы орталық ашылды.

«Бұрын құпия болып келген 700 мың құжат, яғни қылмыстық іс осы орталыққа тапсырылды. Бұл – шын мәнінде, елімізде бұрын-соңды болмаған өте ауқымды жұмыс. Ашығын айтуымыз керек, басқа мемлекеттерде осындай көлемді зерттеулер әлі жасалған жоқ. Мұның бәрі – зерттеуші мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мен ел тарихын зерделеуге белсене атсалысқан барша азаматтарға, соның ішінде Комиссия мүшелеріне шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Олардың еңбегі міндетті түрде марапатталады. Қазіргі таңда ғалымдарымыз жиналған деректерді жүйелеп, бір ізге түсіріп жатыр. Бұл – ұлт келешегіне қажетті аса маңызды жұмыс», —деді президент.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары