Бір кездері шағын ғана ауыл болған Қосшы бүгінде мыңдаған тұрғыны бар жайлы мекенге айналды. Қазір бұл қала тек тұрғын үй кешендерімен ғана емес, руханият пен білім ордалары бой көтеріп келеді. Жақында мұнда Қазақстандағы ең үлкен жаңа кітапхана ашылып, оқырманға есігін айқара ашты. Жақсыны көрмекке деп, біз де барып көрген едік.
Кітапханаға алғаш кіргенде кең әрі заманауи безендірілген залдар бірден назар аудартады. Жарық, тыныш. Оқырмандарға қолайлы жағдай жасалғаны көрініп тұр. Кітап сөрелері жүйелі орналастырылған, іздеген кітапты оңай табуға мүмкіндік бар. Көз жүгіртіп қарасаңыз, сөрелердің біраз бөлігін тарихтың тереңінен сыр шертетін кітаптар алып тұр. Әрқайсысы өткеннің үнін жеткізетін құнды жәдігер іспетті. Бұл кітаптар халқымыздың сан ғасырлық шежіресіне үңіліп, ұмыт бола бастаған оқиғалар мен тұлғалардың бейнесін қайта тануға жол ашады.
Қосшы қалалық кітапханасы бұған дейін де тұрақты түрде жұмыс істеп келген. Жаңа мәдениет және спорт кешені пайдалануға берілген соң, кітапхана да жаңа ғимаратқа көшірілді. Кітап ордасы заманауи талаптарға сай, кең әрі қолайлы етіп жасалған. Көрген көздің жауын алады. Қаз-қатар тізілген кітаптарға қарап қайсысын таңдарыңды білмей, әрқайсысын ұстап көргің келеді. Мұнда қазір әртүрлі жанрда 20 мыңға жуық кітап бар. Оның 6 мыңға жуығы – балалар әдебиеті. Олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған.
– Бізге келген оқырман өз іздегенін табады. Зейнеткерлеріміз шежіре туралы кітаптарды көп сұрайды. Орта жастағы оқырмандарды отбасылық, мотивациялық, психологиялық бағыттағы басылымдар қызықтырады. Оқушылар мен студенттер түрлі жанрдағы кітаптарды іздейді. Кітапханаға кіру, интернет, оқу залдары – барлығы тегін. Ең жас оқырмандарымыз – 7 жаста. Қосшы қаласының оқырмандарына формуляр шығарып отырамыз. Олар өздеріне ұнаған шығарманы үйіне 15 күнге оқуға алып кете алады. Кітапханаға еліміздің түпкір-түпкірінен адамдар келіп жатады. Шетелдіктер де жиі бас сұғады. Алғаш ашылғанда келушілердің саны көп болды. Күніне 200-300-дей адам қабылдайтынбыз. Ал қазір кітапханаға бір күнде 50-60 адам келеді. Сенбі күні оқырман саны көбейеді, – дейді кітапхана қызметкері Ұлбибі Мұстапаева.
Кітапхана жанынан құрылған «Жан азығы» әдеби клубын қызметкерлер жүргізеді. Арнайы ашылған чатқа оқырмандар тіркеліп, жоспарланған кітапты оқып, әр сенбі оны талқылайды. Бұдан бөлек жылжымалы кітапхана жобасы да сәтті жүзеге асырылып жатыр. Яғни, балабақша мен емхана қызметкерлеріне сұраған кітаптарын апарып береді. Мәселен, балабақшадағы оқырмандарға ертегі кітаптарды, емхана қызметкерлеріне психологиялық, медициналық кітаптарды жеткізеді.
– Кітапхана оқырманға құндылық береді. Тарих – болашақтың алтын көпірі. Өткен мен бүгінді, бүгін мен ертеңді байланыстыратын асыл қазына кітаптар оқырманды қамтамасыз ету – басты мақсатымыз, – дейді Ұлбибі Бердіқұлқызы.
Кітапханаға арнайы келген оқырмандардың бірі зейнеткер Мария Аманжолқызы рухани білімін байыту үшін келетінін жеткізді.
– Кішкентай кезімнен кітап оқығанды қатты жақсы көремін. Осындай заманауи кітапхана ашылды дегенде қуандым. Немеремді ертіп жиі келемін. Өзім қазақ әдебиетін көп оқимын. Соның ішінде Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Шахановтың шығармалары ұнайды. Кітапхананың қызмет көрсету сапасы өте жақсы, көңілім толады. Іші жарық әрі еңсесі өте биік. Іздеген кітабыңды табасың. Қазіргі жастардың көпшілігі уақытын телефон мен әлеуметтік желіге жұмсайды. Бірақ нағыз байлық – кітапта. Кітап – тілсіз мұғалім. Ол сенен ештеңе сұрамайды, бірақ бәрін береді. Мен жас кезімде оқыған кітабымдағы әлемге кіріп кететінмін. Сол арқылы ойым, тілім, тіпті мінезім де қалыптасты. Қазір кітапханадағы тарихи, көркем әдебиеттерді көріп, көңілім бір серпіліп қалады. Жастар осыны қадірлей білсе екен деймін. Өмірдің өзі – үлкен мектеп. Бірақ сол мектептен сүрінбей өту үшін рухани азық керек. Ал рухани азықты тек кітаптан табуға болады. Жастарға айтарым, кітаптан алыстамаңдар. Оны дос тұтыңдар. Сонда өмірлерің мәнді де мағыналы болады, – дейді оқырман.
Бүгінгі кітапхана бұрынғыдай тек тыныш отыратын орын емес. Қазір бұл ой алмасатын орта, жаңа достар табатын мекен, идеялар тоғысатын кеңістік. Қосшыдағы кітапхана соның бір дәлелі. Мұнда әр жастағы адам өзіне керегін таба алады. «Адам жанын тот басса, оны тек кітап кетіре алады» дейді Шерхан Мұртаза. Жазушының бұл сөзінде кітапқа құрмет қана емес, адам рухын биіктететін құдіретті күш туралы ұлы ақиқат жатыр. Кейде миымыз ауыр ойлардан шаршап, қабағымыз тұнжырап, көңілімізді мұң басатын кездер болады. Ондай сәттерде бізге рухани ем керек. Сол емнің ең шипалысы – кітап. Ол тек ақпарат көзі емес. Кітап – жанды сөйлететін, жүректі қозғайтын, адамды адам ететін ұлы мұғалім. Кітап арқылы біз өзімізді табамыз, өткенге үңілеміз, болашаққа жол саламыз. Оның әрбір беті жанымыздағы тотты кетіретін шындықтың тамшысы. Бүгінгі қазақ баласы – кешегі Абайдың, Ахметтің, Мағжан мен Міржақыптың мұрагері. Олар қараңғылықты біліммен, надандықты кітаппен жеңді. Біз де сол жолды жалғауымыз керек.
Кітап – ұлтты тәрбиелейтін, елді өркениетке жетелейтін ең құдіретті күш. Сондықтан бізге кітап оқитын ұлт емес, кітаппен өмір сүретін ұлт болу керек. Қазақ даласында кітаптың жарығы сөнбесе, жүректер де сөнбейді. Ұлы тұлғалар салған ізгі жолмен жүріп, білімді ұлтқа, іргелі елге айналу – ортақ парызымыз.
Мөлдір ОКТЯБРЬ,
Е.Гумилев атындағы ЕҰУ,
Журналистика факультетінің студенті