Ақтөбе облысында қатарластарынан оңбай таяқ жеген колледж студентінің анасы ұлын ұрғандарды қатаң жазалауды талап етіп отыр. Жарты жыл бұрын 16 жасөспірім соққыға жығып, есеп-шотындағы ақшасын да тартып алған. Алайда бұзақылардың тек екеуі тонау бабымен жазаланған, деп хабарлайды turkystan.kz КТК-ға сілтеме жасап.
"Екі балаға да жеңіл жаза беріп тұр. Екі жыл шартты мерзім берілген. Қазірдің өзінде кешке шықпау керек. Ал олар ештеңеден қорықпайды. Мәз болып көшеде жүр. Ал менің балам болса, ауру болып қалды. Енді мен оны қаншама жыл емдеуім керек", - дейді Өтебике Құрсаубаева.
Қылмыстық оқиға былтыр Алға қаласында болған. Қатарластары жабылып ұрған Өтебике Құрсаубаеваның ұлы күнара дәрігерге көрініп, сабағына да әрең барады. 16 жасөспірім тепкінің астына алып, денесінің сау тамтығын қалдырмапты. Сол жерде есінен танып қалған. Ал бұзақылар студенттің есеп-шотындағы екі жарым мың теңгеге қызыққан екен.
Кейін осы дерек бойынша екі бозбаланың еркіндігі шектеліп, қалған 14 жасөспірімге қатысты іс қысқартылған. Арызданып жүрген анасы кінәлілердің жазасыз қалғанына ашынады. Себебі қазір ұлына қатысты қысым күшейген. Аузына келгенін айтып, көшеде еркін жүргізбейді дейді анасы.
"Алға ауданы полиция бөлімі қарақшылық бабымен қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізді. Тергеу біткеннен кейін сотқа жүгінді. Екі күдіктінің екі жылға бас бостандығы шектелді. Қазір сот шешімі күшіне енді", - дейді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.