Орта державалар әділетті әрі инклюзивті әлемдік тәртіптің орнауына мүдделі болуы керек – Тоқаев

/
Орта державалар әділетті әрі инклюзивті әлемдік тәртіптің орнауына мүдделі болуы керек – Тоқаев
Ақорда

Бүгін Астана халықаралық форумының пленарлық отырысы өтіп жатыр. Отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, өзекті мәселелерге тоқталып, форумның маңызын атап өтті.

Сөзсіз, біз бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер трансұлттық сипатқа ие. Десек те оған қарсы әрекетімізде бірізділік жоқ. Әлемдегі ахуал өте шетін, тұрақсыз әрі кереғарлыққа толы. Сондықтан жаһандық ынтымақтастық үшін құрылған институттар осы жағдайларға сай болуға тиіс.

Қазақстан орта державалар әділетті әрі инклюзивті әлемдік тәртіптің орнауына мүдделі болуы керек деп санайды. Қазіргі жүйені мұқият саралап, тың әдіс-тәсілдерге сүйену қажет. Соған сәйкес, орта державалар да жауапкершілік жүгін көтеруге дайын болуға тиіс.

Жыл соңына таман Нью-Йоркте БҰҰ-ның 80 жылдығын атап өтеміз. 1945 жылы, яғни, дүние жүзіндегі сұрапыл соғыстан кейін 51 мемлекет бірге құрған бұл Ұйым бейбіт әрі қауіпсіз әлемді құрудың батыл жолын ұсынды. Бүгінде Ұйымға 193 ел мүше. Осылайша, ол әлемдегі құрамы әралуан, күрделі әрі өзара тығыз байланысқан қоғамдастыққа айналды.

Әйтсе де БҰҰ-ның негізгі тармақтары, әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесі мүлдем өзгерген жоқ. 80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп. Бұл Ұйымға және оның тиімділігіне деген сенімге селкеу түсіреді.

Миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды.

БҰҰ өзектілігін жоғалтпай, қазіргі заманның талаптарына сай болуы үшін Қауіпсіздік Кеңесіне құрылымдық реформа жасалуға тиіс.

Алпауыт елдер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бейіл екенін анық білдіруі керек. Әрі барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын қорғау туралы ең басты қағидаттан айнымауға тиіс. Бәріміз БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауымыз қажет. Оның негізгі принциптеріне үстірт немесе немқұрайлы қараудан аулақ болуымыз керек. Сонда ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделіне деген сенімді қалпына келтіре аламыз.

Сіздер Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен келдіңіздер. Әрқайсысыңыз тәжірибелеріңізді, дүниетанымдарыңызды және құндылықтардың ықпалымен қалыптасқан көзқарастарыңызды ортаға саласыздар. Аталған форумның мәні осындай интеллектуалдық әралуандықта жатыр.

Алдымызда келешектің түрлі сценарийі күтіп тұр. Бірі үміт ұялатады, бірі қауіп-қатерге толы. Бәріне ортақ өркениет жолын таңдаймыз ба, әлде жікке бөлініп құрдымға кетеміз бе? Оны үркердей топтың мәлімдемесі емес, көптің ауызбіршілігі шешуі қажет.

Астана халықаралық форумы осы ынтымақтастыққа қолдау білдіру үшін құрылды. Аталған алаң өзара құрметке негізделген және ашық пікірталас мүмкіндігін ұсынады. Биылғы форум тақырыбы – «Ақыл-ой қосу арқылы келешекті бағдарлау» ( Connecting Minds, Shaping the Future) Бұл – біздің үндеуіміз әрі қалтқысыз сеніміміз.

Жаһандық сын-қатерді жалғыз еңсеру мүмкін емес. Дипломатия ресми протоколдың тар шеңберінен шығып, анағұрлым терең әрі адами қалыптағы қарым-қатынасқа төр ұсынуға тиіс.

Біз дүниежүзілік дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Мұнда адамдар арасындағы сенім, білім-тәжірибемен бөлісу және азаматтық қоғамның ынтымақтастығы халықаралық қатынастардың жаңа іргетасын қалайды. Сондықтан ықпалдастықтың аясын кеңейте беруіміз керек.

Қазақстан идеяның кені, араағайындық шешімдердің архитекторы және түрлі өңірлер мен мәдениеттердің серіктесі ретінде осы өзгерістерге үлес қосуға дайын.

Бұл форум тың ойлар айтылатын ғана емес, батыл қадамдар жасалатын алаңға айналсын. Баршаңызды мазмұнды диалог орнатуға шақырамын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары