Арқалық қазақ жасөспірімдер театрына шағын автобус сыйға тартылды, деп хабарлады turkystan.kz.
Аталған игілікті іске Мәдениет министрі қызметін атқарған, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайреткері Дүйсен Қасейінов пен белгілі меценат Сапар Ысқақұлы себепкер болды. Екі тұлғаның ұйтқы болуымен «Астана Моторс» компаниясы жаңа көлікті табыстады.
Темір тұлпарды табыстау салтанатына қатысқан Дүйсен Қорабайұлы мен Сапар Ысқақұлына және «Астана Моторс» компаниясының өкіліне ел атынан құрмет көрсетіліп, Қостанай облысы әкімінің, Арқалық қаласы әкімінің «Алғыс хаттары» табыс етілді.
Арқалық – ұлтымызға танымал тұлғалар туған киелі мекен. Торғай облысы тараған соң, облыс орталығы Арқалықтың экономикалық-әлеуметтік жағдайы күрт нашарлап, халық саны азайды. Елге белгілі азаматтар қаланың көркеюін қалайды.
Дүйсен Қорабайұлының айтуынша, Арқалықтың мәдениетін көтеріп, қала тұрғындарының рухани орталықтарға қызығушылығын арттырсақ, білім мен ғылымға құштар жастар көбейеді.
Дүйсен Қасейінов алдағы уақытта да мұндай игі шаралардың жалғасын табатынын айтты.