«Математика және тарих пәнінің мұғалімдері»: Мектептегі төбелеске не түрткі болғаны белгілі болды

/
«Математика және тарих пәнінің мұғалімдері»: Мектептегі төбелеске не түрткі болғаны белгілі болды
istockphoto

Ақмола облысының Қосшы қаласындағы орта мектепте мұғалімдер төбелескен. Оқиға 1 сәуірде болған. Бірақ бұл туралы екі айдан кейін ғана айтылып отыр. Төбелеске не түрткі болғанын Sputnik Қазақстан тілшісі білді.

Мектептегі математика және тарих пәнінің мұғалімдері өзара келіспей қалады. Арты жанжалға ұласады, жас мамандар дәл білім ошағында жаға жыртысқан.

"Бұл оқиға 1 сәуірде болған. Кикілжің асханадан басталады, ары қарай дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің бөлмесінде шешпек болады. Мен кабинетімде отыр едім, бір мұғалім жүгіріп келіп айтты. Барсам екеуі жанжалдасып қалған. Екеуіне айқайлап сөйледім, әдепті неге сақтамайсыңдар, мынау не масқара дедім", - дейді мектеп директоры Нұркен Шахметов.

Директор тәртіпті сақтай білмесеңдер, жұмыстан шығып, көшеге барып мәселені шешіңдер деген.

"Артынша екеуі жұмыстан кету туралы өтінішін әкеп тұр. Мектептің тәжірибелі мұғалімдері келіп, жағдайды ушықтырмайық деді. Содан біз оларды жұмыстан шығармаймыз деп шештік. Сол күні кешке сағат бестерде "математика пәні мұғалімінің жағы сынып, ауруханаға түсті" деген хабар келді. Бірақ мектепте ондай жағдайды байқамадық", - дейді директор Нұркен Шахметов.

Мұғалім бір ай ауырып, жұмысқа шықпайды.

Ол математикадан республикалық олимпиадаға оқушы дайындап жүрген.

"Жұмысқа шыққан мұғалімді кабинетке шақырдым. Бірақ жас мамандар бір де бір рет кешірім сұрауға әрекет жасамады. Бұл проблеманы әбден екі ай өткенде жаңағы баласы олимпиадаға баратын ата-ана қозғап отыр. Айтуынша, біз мұғалімді күштеп жұмыстан шығарғалы жатыр екенбіз. Шын мәнінде мектеп ешбір мұғалімді қудалап, жұмыстан шығарып жатқан жоқ", - дейді директор.

Төбелескен ұстаздардың бірі былтыр қарашада жұмысқа орналасқан, ал екіншісінің екі жылдық тәжірибесі бар, яғни жас мамандар.

Мұғалімдер өзара шешкен мәселені ата-ана дабыра етті, дейді мектеп мамандары.

Облыстық полиция тексеру жаңадан басталғанын айтады. Қылмыстық іс қозғалмаған, шағым тек 22 мамырда түскен.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары