Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасады деп айыпталған күдікті Ернар Жиенбайдың әйелі Луиза Алданова алғаш рет мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Көпшілігіңіз біздің отбасымызға қатысты болған оқыс жағдайдан хабардарсыздар. Осы қиын кезеңде мені іздеп, уайымдап, отбасымыз үшін дұға тілеп жүрген барлық жанашыр жандарға алғысымды айтамын.
Өткен бір ай біздің отбасымыз үшін де ауыр сынақ болғанын жеткізгім келеді. Енді ғана есімізді жиып, өз-өзімізге келіп жатқан жайымыз бар. Әрбір минут, әр сағат, әр тәулік уайымдаумен болдық, жапа шеккен Руслан Берденов мырзаның амандығын тіледік. Жуырда ғана ем-домын алып, ауруханадан үйіне оралғанын естідік. Енді ертерек айығып, елге қызметін жалғастыруын тілейміз. Жалпы, менің жолдасым Ернарды, мені және біздің ата-аналарымызды жақсы білетін адамдар, таныстарымыз, туыстарымыз біздің қандай қарапайым, отбасын бірінші орынға қоятын жандар екенімізді де біледі деп ойлаймын. Сонымен қатар, оларды біздің жат әрекеттерге, жаман істерге бармайтынымызға да сенімді деп білемін. Десе де, Ернарымыз жаза басқан екен, қателескен екен...
Мен бұл жағдайды тағдырдың сынағы деп қабылдап, барынша сабырмен қарап отырмын. Барлығын Алланың қолына тапсырдым. Ана ретінде, тек басымыздың амандығын, бауырымыздың бүтіндігін тілеймін.
Сондай-ақ осы жағдайға менің де қатысым бар деген бастапқыда тараған қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Ата-анадан көрген тәрбием, бойға сіңген иманым мұндай арсыз қылыққа аттап бастырмайтыны айдан анық.
Баршаңыздың қолдауларыңызға, тілек-ниеттеріңізге рахмет айтамын!", – деді күдіктінің жұбайы.