Орал қалалық сотында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас бухгалтеріне қатысты үкім шықты.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бухгалтер әйел ҚР ҚК 189-бабына (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сәйкес айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Ол сонымен қатар осы мерзімге ұйымдарда материалдық жауапкершілік лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Сот талқысында белгілі болғанындай, әйел жұқпалы аурулар ауруханасында 2005 жылдан бастап жұмыс істеген. Аурухана директоры оған сеніп, ЭЦҚ-сын берген. Осыны пайдаланған бухгалтер көптеген заңсыз қаржылық операциялар жасаған. Сөйтіп бір жылға жетпейтін мерзім ішінде қызмет бабын пайдалана отырып, 35,7 млн теңге бюджет қаржысын жымқырып, жұмсап жіберген.
Сотта кінәсін толық мойындаған әйел бұл әрекетін отбасындағы жағдаймен түсіндірген. Үлкен ұлы нашақорлыққа салынып, жанжал шығарып отырған. Кіші ұлының әйелі де есірткі қолданған. Ұрланған ақшаны отбасын асырауға жұмсап, трамадол және психотроптық заттар сатып алуға берген. Оған қоса әйелдің қолында 79 жастағы анасы да болған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.