Қазақстан мен Қытай гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтады

/
Қазақстан мен Қытай гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтады
Gov.kz

 26 мамырда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлиньмен кездесті.

Кездесу барысында Аида Балаева Қазақстан мәдени-гуманитарлық салада, оның ішінде өнер, кино және театр, медиа-ресурстарды дамыту бағытында ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Сонымен қатар министр аталған бағыттар бойынша жеткен жетістіктер жайлы сөз қозғап, соның нәтижесінде Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестік пен өзара түсіністік жаңа деңгейге көтерілгенін де тілге тиек етті.

Мәселен, 2024 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында елдер арасында Радио мен телевизия саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ қыркүйек айында Тяньцзинь қаласының музейінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Қытайдың Мәдени жәдігерлер орталығы бірлесіп ұйымдастырған «Алтын адам және Ұлы дала» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Кәсіби өнер ұйымдарын біріктіру бастамасы аясында Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі Жібек жолы музейлері мен галереялары Халықаралық альянсына мүше болды. 5 маусым күні музейде Қытай Ұлттық көркемөнер жауһарлары ұсынылатын «Қытай өнерінің ой-мақсаттары» көрмесі өтеді. Көрмеге кескіндеме, графика және мүсін жанрындағы 50-ге жуық туынды көрермен назарына ұсынылады.

Сонымен қатар, 2025 жылғы 30 мамырда «Астана Опера» театрында Қытайдың көрнекті композиторы әрі скрипкашысы Сянь Синхайдың 120 жылдығына арналған концерт ұйымдастырылады.

Ал маусым айының ортасында ҚР Ұлттық музейінде Қытай Жібек Ұлттық музейінің қолдауымен «Жібек және Жібек жолы: Қытайдан Қазақстанға» атты халықаралық көрме өтеді. Көрмеде маталар көрсетіліп, шай дәстүрлері көпшілік назарына ұсынылады.

Министрдің айтуынша, мемлекетаралық ынтымақтастықтың басым жобаларының бірі – мәдени орталықтар құру. Бұл мәдени байланыстарды нығайтып, тәжірибе алмасуға және достық қарым-қатынасты дамытуға жол ашады.

ҚХР-дың Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь мырза да ынтымақтастықты нығайту қажеттігін сөз етті. Атап айтқанда, Қытай ақпараттық саясат, аударма ісі және баспа салаларын дамытуға қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар, Чуньлинь мырза қазақстандық әртістерді Қытайда өтетін фестивальдерге жиі қатысуға шақырды.

Отырыс барысында қатысушылар ақпарат саласындағы іс-шаралар жоспарын да талқылады. Нақтырақ айтқанда, БАҚ ынтымақтастық форумы, Си Цзиньпин кітабының тұсаукесері, сондай-ақ «Қытай – Орталық Азия» ақпарат агенттіктерінің форумы жайында сөз болды.

Кездесу соңында Аида Балаева Қазақстан тарапы ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенін айтып, достықты нығайту мен қарым-қатынасты дамытуға бағытталған екі ел арасындағы бірлескен жобаларға қолдау жалғасатынын тілге тиек етті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары