Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға мүше болуды қарастыруда

Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға мүше болуды қарастыруда

Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға мүше болуды қарастыруда
ашық дереккөзі
311
Қазақстан Президенті Астанаға Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 12-ші кездесуіне келген делегация жетекшілерін қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушыларды құттықтап, бұл іс-шараның биыл маусымда Астанада болатын Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті қарсаңында өтуінің маңыздылығына тоқталды. - Біз Санкт-Петербургтегі оқиғаға байланысты бүкіл Ресей халқына көңіл айтамыз. Бұл терроризм мен экстремизмнің шекара дегенді білмейтінін көрсетеді, сын-қатер мен қауіп азаймай тұр. Осыған байланысты мемлекеттер басшылары Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының қызметіне ерекше мән беріп отыр, - деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі ынтымақтастық тетіктері мен нормативтік құқықтық базасын нығайту ісінің маңыздылығына қатысушылар назарын аударды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің экономикалық және саяси байланыстарды нығайту жолында атқарған жұмыстарына оң баға берді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ұйым алдында тұрған міндеттерге ерекше тоқталды. - Бұл - қатысушы елдердің барлық бағыт бойынша келісілген іс-қимылы. Қазіргі уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы әрекет ету жөніндегі конвенция мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл жөніндегі мәлімдемесі қаралуда. Бұл құжаттарды қысқа мерзім ішінде мақұлдау қажет, - деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанадағы саммитінде Үндістан мен Пәкістанды ұйымның толыққанды мүшесі ретінде қабылдау жоспарланып отырғанын және оның Азиядағы ынтымақтастықты нығайтуға қосымша тың серпін беретінін айтты. - Шанхай ынтымақтастық ұйымының Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты халықаралық және өңірлік құрылымдармен ынтымақтастығы аясын кеңейту қажет. Бұл осы ұйымды одан әрі дамытуға ықпал етеді деп ойлаймыз, - деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Қазақстанның 2017-2018 жылдар кезеңіндегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын айтты. Мәселен, Сириядағы дағдарысты саяси реттеу ісіне күш-жігер жұмсалып жатқаны айтылуда. Кездесуге Қазақстанның, Қырғызстанның, Ресейдің, Тәжікстанның Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары - В.Жұмақанов, Т.Джумакадыров, Н.Патрушев, А.Кахаров, Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрі - Мемлекеттік кеңес мүшесі Го Шэнкунь, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Р.Алимов, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік антитеррорлық құрылымының атқарушы комитетінің директоры Е.Сысоев қатысты. Қауіпсіздік кеңестерінің Астанадағы іс-шарасы Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аясында өткізілуде. Ол Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының биылғы маусымға жоспарланған кеңесіне дайындықтың маңызды кезеңі болып саналады.

Серіктес жаңалықтары