Маңғыстау облысында Каспий жағалауынан екі күнде 117 итбалық өлексесі табылды, деп хабарлайды балық шаруашылығы комитеті.
Жайық-Каспий балық шаруашылығы инспекциясы 20-21 мамырда Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында рейд жүргізіп, 117 итбалық өлексесін тапты. Бұл өткен жылы қараша және желтоқсан айларында өлген итбалықтар, дейді мамандар.
Сараптама алу мүмкін болмады, өйткені итбалықтар шіріп кеткен.
"Өлекселер санитарлық нормаларға сай полигонға жиналып, жойылды. Қазіргі уақытта жағалауда инспекция мониторинг жұмыстарын жүргізіп жатыр", - деп жазды балық шаруашылығы комитеті.
Өткен жылдың қараша айынан бастап жиналған және жойылған итбалықтардың жалпы саны 2194-ке жетті.