Ауыл шаруашылығы министрлігі 880 мың гектарға жуық егіс алқабын шегіртке басқанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сәкен Қаныбековтың айтуынша, бүгінгі күні 3,2 млн гектар ауыл шаруашылығы алқабы зерттеліп, оның 878,3 мың гектарында зиянкес бар екені анықталған. Өңделуге тиіс 528,4 мың гектардың 486,3 мың гектарында іс-шаралар жүргізілген.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шегірткеке қарсы күрес жұмыстарын қажет болған жағдайда тәулік бойы жүргізуге тапсырма берді.
"Міндеттеме алған мердігерлер барлық қажетті техниканы толық көлемде қамтамасыз етуге тиіс. Жұмыс кестеге сәйкес, қажет болған жағдайда тәулік бойы, ауа райына немесе техникалық қиындықтарға қарамастан жүргізілуі қажет. Жұмыстың мерзімі мен сапасына күн сайын мониторинг жүргізіледі. Қажет болған жағдайда қайта өңдеу мүмкіндігін де қарастыру қажет", — деді Сапаров.
Әсіресе шекара маңындағы аумақтарға ерекше назар аударылды. Бұл жерлерде зиянкестің көшуін болдырмау үшін бақылауды күшейту қажет, деді министр.