Алматы полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшті

/
Алматы полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшті
istockphoto

Алматы қаласының полициясы күшейтілген қызмет атқару режиміне көшірілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді. Күшейту шаралары қала мектептерінде соңғы қоңырау мерекесінің өтуімен байланысты.

"Қаладағы 216 жалпы білім беретін мектептің қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шамамен мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылды. Оқушылардың қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз. Қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ювеналдық, патрульдік, криминалдық полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлардан құралған мыңға жуық полиция қызметкері жұмысқа тартылды", – делінген департамент хабарламасында.

Балалардың жеке қауіпсіздігімен қатар, мектеп маңында және түлектердің жүретін бағыттарында жол жүру ережелерінің сақталуына ерекше назар аударылуда.

Департамент ата-аналарды және мерекеге қатысушылардың барлығын сақтық шараларын сақтауға, ережелерді бұзбауға және балаларды қауіпке ұшыратпауға шақырды.

Қаланың басты алаңдарында, саябақтарда, скверлерде және халық көп жиналатын демалыс орындарында полицияның қосымша кешенді жасақтары кезекшілік етеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары