Биыл Астанада бұрын-соңды болмаған ерекше гастрофестиваль өтеді. Фестиваль аясында ең үздік қымыз өндірушілер сынға түседі. Ал жалпы жүлде қоры – 45 миллион теңге, деп хабарлады turkystan.kz.
Биыл Астанада алғаш рет қазақтың асыл сусыны қымызға арналып, «BaiQymyz – бапталған қымыз ұлттық тағамдар гастрофестивалі» атты ірі көлемдегі мәдени-аграрлық іс-шараның өтуі жоспарланып отыр. Аталған фестиваль халқымыздың дәстүрлі тағам мәдениетін, соның ішінде қымыз өндіру дәстүрін жаңғырту мен халықаралық деңгейге дамытуға бағытталған.
Шараға 60 мыңға тарта адам қатысады жоспарланып отыр. Әр өңірден 50-ге жуық қымыз өндіруші қатысады. Ұйымдастырушылар бұл фестивальді «Октоберфест» сияқты халықаралық үлгідегі мәдени-аграрлық брендке айналдыруды көздеп отыр. Келген қонақтар екі күн бойы қымыздың түр-түрінен дәм татып, жылқы тұқымдары таныстырылатын көрмені тамашалап, этно-мәдени бағдарламаларға қатыса алады.
Фестивальдің ерекше жүлдесі – «Ең үздік қымыз» атағы үшін жарыс болмақ. Байқау жеңімпаздары қомақты қаржыға ие болады, жүлде қоры – 45 миллион теңге (I орын – 20 млн тг, II орын – 15 млн тг, III орын – 10 млн тг). Байқаудың мақсаты – еліміздегі ең сапалы әрі шипалы қымызды анықтау. Негізгі мақсат – қымызды денсаулық пен қонақжайлықтың символы ретінде таныту, сонымен қатар агротуризм мен жылқы шаруашылығын дамытуға серпін беру.
Жылқы көрмесінде қазақтың байырғы тұқымдары – Жабы, Көшім, Қостанай, Мұғалжар, Адай және спорттық бағыттағы аттар көпшілік назарына ұсынылады. Қолөнер шеберлері ер-тоқым, қамшы, ат әбзелдері сияқты тарихи бұйымдарын көрсетіп, келушілер оларды сатып ала алады. Көрменің басты ерекшелігі – бірегей бұйымдар мен жылқыларға арналған аукцион.
Фестиваль аясында ұйымдастырылатын ғылыми конференцияда қымыздың емдік қасиеттері, жылқы шаруашылығы мен дәстүрлі мал шаруашылығының даму болашағы талқыланады. Германия, Ресей, Қырғызстан елдерінен келген ғалымдар, дәрігерлер, ветеринарлар мен кәсіпкерлер өз баяндамаларын ұсынады.
Қатысушылар арасында германиялық жылқы шаруашылығының маманы Ханс Цольман, медицина ғылымдарының докторы Бақытжан Бейімбетов, этнограф Айгерім Мұсағажинова және басқа да сарапшылар бар.
Шеберлік сабақтар барысында қатысушыларға қымыз дайындау, сақтау, ашыту, сондай-ақ оны капсула түрінде өндірудің заманауи әдістері таныстырылады. Сонымен қатар, тері илеу, ат әбзелдері мен тұрмыстық бұйымдарды жасау бойынша да қолөнер шеберлері өз білгенін үйретеді.
Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде аударыспақ, асау үйрету, құмай тазы сайысы, шалма салу сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. Мешкейлер сайысы мен жілік сындыру секілді ерекше шаралар фестиваль көрігін қыздырмақ.