Ақтөбеде «AMANAT» бастамасымен жұмысшы әйелдер форумы өтті

/
Ақтөбеде «AMANAT» бастамасымен жұмысшы әйелдер форумы өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен өндірістегі жұмысшы әйелдердің өңірлік форумы өтті.

Іс-шараға қатысушылар еңбектегі тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа идеялар мен бастамаларды талқылады. 

Жалпы өңірде алты мыңнан астам әйел адам өндіріс саласында еңбек етеді. Олардың көбі зауыттарда ауыр станоктарды, техникаларды басқарады. Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген білікті мамандар да бар. 

«Зауытта екі ауысыммен жұмыс істейтін алты әйел бар. Біз хромды шлактан тазартып, дайын металл өнімдерін аламыз. Бұл өнімдер кейін шетелге экспортталады. Қиындығына қарамастан, осындай ірі өндіріс орнында еңбек етіп жүргенімізге қуаныштымыз. Форумға шақырып, еңбегімізді елеп жатқандарыңызға алғысымыз шексіз», – деді зауыт жұмысшысы Алмагүл Көппағамбетова.

Аймақта партиялық жобалар да жемісін беруде. Мәселен Алға ауданының кәсіпкері Райхангүл Жанпейісова «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп отырғанын айтты. Ол екі жыл жоба аясында жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін ашқан. Бүгінде қазақтың ұлттық сусыны – көже дайындап, өнімін Ақтөбе және Алға қаласы дүкендеріне сатылымға шығарып отыр. Болашақта шағын көже цехын ашу жоспарында бар.

Форумға қатысқан жұмысшылардың тағы бірі – Татьяна Брайлова. Ол темірбетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорында 1970 жылдан бері жұмыс істейді. Тәжірибелі маман алғашқы еңбек жолын өндірістік мекемедегі дөңгелек су өткізгіш құбырларды бақылау шебері ретінде бастапты. 

«Еңбек адамы – бұл өз күшін аямай, қоғамның күнделікті өміріне үлес қосатын маман. Ал әйелге еңбекқорлық пен қамқорлық тән, бұл оның табиғаты. Мен 1970 жылдан бастап шығарылатын өнімнің сапасын техникалық бақылау, стандарттау, ал 2005 жылдан бастап ISO 9001 халықаралық сапа менеджменті жүйесінің енгізілуі мен жұмыс істеуін ұйымдастырумен айналысамын. Қазір бас директордың көмекшісімін», – деді ол. 

«AMANAT» партиясының облыстық филиалы төрағасы Ербол Данағұловтың айтуынша, облыста 457,8 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның 49 пайызын әйелдер құрайды. Өнеркәсіп, құрылыс және басқа да жұмысшы мамандықтарын игерген 44 909 ақтөбеліктің 6 732-сі, яғни 15 пайызы – әйелдер.

Айта кету керек, форумда он екі әйел «AMANAT» партиясы қатарына қабылданды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары