Петропавлда 99 жастағы соғыс ардагері Василий Макиенко қайтыс болды, деп хабарлады turkystan.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Петропавлда Ұлы Отан соғысының ардагері, 99 жастағы Василий Макиенко дүниеден өтті. Қайғылы оқиға 20 сәуір күні болған: қарт майдангер жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқанда, жолды кесіп жүгіріп өткен 9 жасар оқушы қызбен соқтығысып, ауыр жарақат алған еді.
Ардагердің өмірден өткенін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі хабарлады.
– Бүгін соғыс ардагері Василий Васильевич Макиенко мәңгілік сапарға аттанды. Оның өмірі – нағыз ерліктің, жанқиярлықтың және Отанға адал қызмет етудің үлгісі. Ол майданға 18-ге толмай жатып шақырылып, алғы шепте ерлік көрсетті. Ерлігі үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен және бірнеше медальмен марапатталған, – деді өңір басшысы.
20 сәуір күні Василий Макиенко әдеттегідей серуенге шығып, көгершіндерге жем беру үшін үйінен шыққан. Жол қиылысында кенеттен жүгіріп шыққан оқушы қызбен соқтығысып қалады. Қатты құлаған ардагер ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізіледі. Алдымен травматология бөлімінде, кейін жансақтау бөлімінде жатып, бірнеше күн өмір үшін күрескенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады.
Қыз бала берген түсініктемесінде қарияны байқамай қалғанын, соқтығысқанын сезбей де қалғанын айтқан. Келесі күні анасы екеуі ауруханаға барып, кешірім сұрап, гүл шоқтарын табыстаған. Ардагер оларға кешірім беріпті.
Оқиғадан кейін полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы – "Абайсызда денсаулыққа зиян келтіру" бойынша тергеу бастаған. Тәртіп сақшылары оқиға куәгерлерінен жауап алып, барлық жағдайды мұқият зерттеген. Нәтижесінде, 9 жасар қыздың қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жаста еместігі және оның әрекетінен қасақана зиян келтіру белгілері табылмағандықтан, қылмыстық іс тоқтатылған.