Абай облысында қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталды

/
Абай облысында қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталды
istockphoto.com

Семей қаласының №2 соты екі қала тұрғынын қаржылық пирамида ұйымдастырып, оған қатысқан 26 азаматқа жалпы сомасы 20 млн теңге залал келтіргені үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлады turkystan.kz.

2023 жылғы қыркүйек пен қазан айлары аралығында аталған адамдар Семей қаласындағы компания кеңсесінде кездесулер мен семинарлар өткізген. Олар жаңа қатысушыларды тіркеумен, компания жүйесінде аккаунттар жасаумен және «WhatsApp» мессенджері арқылы үгіт-насихат материалдарын таратумен айналысқан. Бұл қызмет азаматтарды электронды валютаға инвестиция салу және бонус алу уәделерімен жүйеге тартуға бағытталған.

Сот үкімімен кінәлілердің біріне 4 жыл, екіншісіне 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, екеуіне де 2 жылға қаржылық қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы берілді. Залалдың бір бөлігі өтелді.

Сот барысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушылардың кінәсін толық дәлелдеді.

Үкім заңды күшіне енді.

Айта кетейік, прокуратура азаматтарға қырағы болу, компаниялардың қаржылық қызметін және лицензияларының бар-жоғын тексеру, сондай-ақ қаржылық пирамида белгілері бар схемаларға қатыспау қажеттігін ескертеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары