Атбасар ауданының Сергеев ауылдық округінің әкімі жұмысына салғырт қарап, су бөгетінің (дамбы) жарылуына жол бергені үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Су бөгеті жарылғанда Самарка ауылындағы 19 тұрғын үйді су басқан.
Су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге жергілікті бюджеттен 8 млн теңге төленді. Осылайша мемлекетке ірі мөлшерде залал келтірілді.
Самарка ауылындағы жағдайға жауапты тұлға бола тұра әкім Есіл бассейндік инспекциясы мен төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның су өткізу үшін гидротехникалық құрылысты транзиттік режимге ауыстыру туралы тапсырмаларына қарамастан, бөгеттегі судың өткізу қабілетін арттыру бойынша шара қабылдамаған.
Су деңгейі жоғарылағанда ауыл аумағын су басқан.
Сот әкімді мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтер атқару құқығын айыра отырып, пробациялық бақылау белгілеп, 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеді.