Биыл жазда еліміз бойынша 3,1 миллионнан астам бала сауықтыру, демалыс және еңбекпен қамтуға бағытталған түрлі бағдарламалармен қамтылады, деп хабарлады turkystan.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше оның 500 мыңнан астамы әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен тағы да 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады.
«Барлық ұйымдастыру шаралары 9 мемлекеттік органның қатысуымен әзірленген бірыңғай жоспар аясында іске асырылады. Осы мақсатта республикалық және өңірлік деңгейде штабтар құрылып, биылғы жылы жұмыс істейтін демалыс орталықтарының тізімі жасақталды», - деп жазылған хабарламада.
Қауіпсіз әрі белсенді жазғы демалыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы жадынамалар, нұсқаулықтар мен гайдбуктар әзірленіп, балалар мен ата-аналарға таратылады. Өңірлерде «Киелі шығыс», «Ұлы Дала кереметі», «Jas galym», «Гастро туризм», «Қонақжай отбасы» сынды бірегей жобалар іске асырылады.
Биыл жыл бойы жұмыс істейтін 16 лагерь, 188 маусымдық лагерь, 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь, оның ішінде бірқатарында тамақтандыру қарастырылған, сондай-ақ 512 шатырлы және киіз үй лагерлері кезең-кезеңімен ашылады деп жоспарлануда.