Жеңіс күні – бейбіт өмір мен болашақ ұрпақ үшін күрескен жандардың өшпес ерлігін еске алатын айрықша күн. Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы – Жеңіс күнінің жемісі. Осы орайда Turkystan.kz тілшісі түрлі сала өкілдерінен Жеңіс күні туралы қазіргі ұрпақ не білуге тиіс екенін сұрап, пікірлерін жазып алған еді.
Нұртөре ЖҮСІП, Сенат депутаты:
Жас ұрпақ өткен тарихты құрғақ әңгіме ретінде қабылдамауға тиіс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз» деген болатын. Жеңістің 80 жылдығы – соғыс жылдарында ерлікпен қаза тапқан, мүлдем хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерімізді еске алу, тағзым ету. Қазіргі жастар арасында «Басқа ел үшін соғыстық, осының не керегі бар?» дегендей пікірлер айтылып жүр. Ал майдангерлер, тылда тынбай еңбек еткен аналарымыз бен сол кезде аямай тер төккен жас балалардың зердесінде соғыс ұғымы үлкен қасірет ретінде сақталып қалды. Жеңісті жақындатқан жауынгерлердің рухына тағзым ету – ерекше сипат алатын дүние. Себебі тарихсыз, кешегі күнсіз, бәрін сызып тастап, ештеңе болмағандай өмір сүруге болмайды.
Елімізден 1 млн 200 мың азамат әскер қатарына шақырылып, майданға шебіне аттанды. Тек майданда емес, тылда да қаншама азамат Жеңісті жақындату үшін еңбек етті. Майданда атылған он оқтың тоғызы біздің елде жасалды. Сол себептен Жеңіс күні мереке ретінде тәуелсіз Қазақстанның күнтізбесіне енгізілгеннен кейін, бұл датаға ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі тұрғысынан қарау керек. Арамыздан 500-ге жуық Кеңес Одағының батырлары шықты. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Мәлік Ғабдуллиннің, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алған Талғат Бигелдинов пен Рақымжан Қошқарбаевтың даңқты ерлігін ұмытпауымыз керек.
Жас ұрпақ өткен тарихты құрғақ әңгіме, құр естелік ретінде ғана қабылдамай, көркем туындылар арқылы, романдар, повестер, хикаяттар, сосын кино арқылы көріп, сезініп, түсініп өсуі керек. Талғат Теменов соғыста болған оператор қыздың ерлігін баяндайтын «Қара қыз» атты жақсы фильм түсірді. Сол секілді тарихтың беймағлұм беттері, соғыстың ашылмаған деректері зерттеліп, көпшілікке насихатталуы керек. Соғыс кезінде тұтқынға түскен азаматтардың бастан кешкендері әлі күнге дейін жабық тақырып іспетті. Содан соң бізде көп айтыла да, жазыла да бермейтін тылдағы аналарымыздың еңбегі, буыны қатпаған жас балалардың еңбегі туралы көпшілік білуге тиіс. Ол кездің жастары қаршадайынан трактор айдап, соқамен жер жыртып, қаншама бейнетті көріп өсті. Олардың балалық шағы болған жоқ. Сол кезеңдер туралы да көркем-әдеби туындылар көп болса дейсің. Жас ұрпақ соғысты кинодан қызықтайтын нәрсе емес, қасірет екенін біліп-өсуі керек. Сонымен қатар, соғыста хабар-ошарсыз кеткен, қай жерде жән тәсілім еткені, мәйіті қай жерде жатқаны туралы хабары, дерегі жоқ азаматтардың да тағдырын ұмытпауымыз керек. Сондықтан қазіргі жас ұрпақтың осындай қасірет әкелген тарих беттерінен сабақ алып, қатігездікке емес, ізгілікке, жақсылыққа құмартып өсуі үшін осындай оқиғалардың санаға түсіретін салмағын сезініп өскені абзал.
Әбдірәсіл ӘЛІШЕР, полковник, Ұлттық ұланның Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі (ТжӘҚЖ) бас басқармасының қызмет бастығы:
Жастар Жеңіс күнінің тек мерекелік шерумен шектелмейтінін терең түсіну керек
Жеңіс күні – ел тарихындағы ең қасиетті, ең қастерлі күндердің бірі. Бұл күн – тек бір соғыстың аяқталған уақыты ғана емес, адамзат баласының фашизмге қарсы күрестегі ерен ерлігінің, төзімінің және бірлігінің символы. Қазақстан үшін Жеңіс күні ерекше маңызды, себебі миллиондаған қазақ баласы бұл соғысқа аттанып, елдің тыныштығы үшін өмірін құрбан етті. Сондықтан бұл күннің мәні мен маңызы – татулық пен бірлікте. Адамзат қан-қасапты емес, бауырластықты қалайды. Сол себепті тарихтан сабақ алуымыз қажет. Ал Ұлттық ұлан үшін бұл мереке – ата-бабаларымыздың ерлігі мен батырлығына тағзым етіп, олардың аманат етіп қалдырған бейбіт өмірін қорғау міндетімізді сезінетін күн.
Ұлттық ұлан жауынгерлері бүгінде мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, стратегиялық нысандарды күзету, қоғамдық тәртіпті сақтау, төтенше жағдайларда көмек көрсету секілді маңызды міндеттерді орындайды. Бұл – бейбіт күннің батырына айналған сарбаздарымыздың қызметі. Әскеріміз үшін Жеңіс күнінің мәні – бейбітшілікті бағалау, тарихты ұмытпау, ұрпақтар сабақтастығын сақтау.
Жастар Жеңіс күнінің тек мерекелік шерумен немесе салтанатты іс-шарамен шектелмейтінін терең түсінуі қажет. Бұл – үлкен рухани тәрбие мен ұлттық сана қалыптастыратын күн. Жеңіс оңай келген жоқ. Әрбір отбасы соғыстың зардабын тартты. Мыңдаған боздақ майданнан оралмады, тылда қалған аналар мен балалар қиыншылыққа мойымай еңбек етті. Осының бәрі – елдің, жердің, болашақтың алдындағы жауапкершіліктің үлгісі.
Ұлттық ұлан осы тарихи жадымызды ұмыттырмауға, жас сарбаздардың бойына патриоттық рухты сіңіруге, елге адал қызмет етудің биік үлгісін көрсетуге баса мән береді. Біздің бөлімдерде ардагерлермен кездесулер, әскери-тарихи дәрістер, ерлік сабақтары тұрақты түрде өткізіледі. Жақында Астанада өткен парадта да ұландықтар әскеріміздің бүгінгі айбынын көрсетті. Біз осылай жасөспірімдерді әскерге қызықтыра білуіміз керек. Бұдан бөлек, жастар өз елінің тарихын біліп-өсуі қажет. Өйткені, өткенін білмеген – болашағын бағалай алмайды.
Жабай ҚАЛИЕВ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дағы Қазақстан-Беларусь ғылыми техникалық ынтымақтастық орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты:
Жеңіс күнін жыл сайын тойлауымыз керек
Екінші Дүние жүзілік соғыс 1939 жылдың 1 қырқүйегінен 1945 жылдың 2 қырқүйегіне дейін созылды. Ал осы соғыстың ішінде Кеңестер Одағы кезінде Ұлы Отан соғысы деп атылып кеткен соғыс 1941 жылдың 22 маусымы мен 1945 жылдың 9 мамыры арасында өтті. 4 жылға созылған сұм соғысқа Қазақстаннан көптеген халық қатысты.
Құдай қаласа, 9 мамыр күні Ұлы Жеңістің 80 жылдығын тойлайын деп отырмыз.
Өз басым Жеңіс күнін жыл сайын тойлауымыз керек деп есептеймін. Өйткені сұрапыл соғысқа қатысқан ардагерлер мен тылда аянбай еңбек еткен адамдардың ерліктері ескерілуі керек. Осылайша жастарымызды Отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін қажет.
Жеңіс күніне арналған іс-шаралар көптеп ұйымдастырылып, оған оқушылар мен студент жастар көптеп жұмылдырылуы керек. Жеңіс күніне арналған концерттер өткізу қажет. Жастар тәрбиелік маңызы бар, патриоттық рух беретін әндер мен өлеңдерді жатқа айтуы керек. Содан соң, жастар арасында ғылыми конкурстар көптеп ұйымдастырған абзал. Мұның барлығы жер бетінде енді соғыс болмасын деген ұранмен ұйымдастырылуы қажет.
Әлжан ШӘРІПОВ, «Отандастар қоры» КЕАҚ баспасөз хатшысы:
Жеңіс күні – тек өткенге тағзым ететін күн емес
Жеңіс күні – тарихымызда ерекше орын алатын, терең мән-мағынасы бар айрықша күн. Бұл күн – соғыстың ауыр зардабын, адамзат төзген қасіретін еске салатын, бейбіт өмірдің бағасын ұғындыратын айтулы дата.
Бүгінгі ұрпақ үшін Жеңіс күнінің басты сабағы – соғыс атаулының ешқашан жақсылыққа әкелмейтінін жете түсінуде. Біз өткен тарихымыздың қайғылы беттерінен сабақ алып, бейбітшілік пен татулықтың қаншалықты құнды екенін ұғынуымыз керек. Жеңіс күнін атап өту арқылы біз, әсіресе, өскелең ұрпақсоғыстың қасіреті қандай болғанын терең түсініп, осындай апатты бастан өткермеуге, бейбітшілік пен келісімнің қадірін білуге тырысуымыз қажет.
Жеңіс күні – тек өткенге тағзым ететін күн емес, әлем елдерінің басшыларына жолданған үндеу болуы керек. Өйткені елдер арасындағы саяси, экономикалық қақтығыстар үнемі болып тұрады, бірақ адам өмірін құрбан ететін сұм соғыстар қайталанбауы қажет. Бүгінде әлем роботтар, дрондар арқылы шешілетін технология кезеңіне өтуі керек. Бұл – утопия емес, ақыл мен гуманизмнің талабы.
Ең бастысы – қақтығыссыз болашақ құрудың, бейбіт өмір сүрудің қаншалықты маңызды екенін ұрпақ санасына бүгіннен бастап сіңіруіміз керек. Себебі Жеңіс күні өткенге құрмет көрсететін дата ғана емес, болашақта адамзат баласының бейбітшілік пен келісімде өмір сүруіне үлес қосуымыз керек екенін еске салатын күн ретінде де есте тұтуымыз керек.
Әсем ШОРАЕВА, Тараз қаласы №66 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:
Бұл — тек тарих кітабындағы дерек емес
Екінші дүниежүзілік соғыс — адамзат тарихындағы ең ауыр, ең ауқымды әрі қасіреті көп соғыстардың бірі. Миллиондаған адам өмірінен айырылды, жүздеген қала мен ауыл жер бетінен жойылды. Көп отбасы екіге бөлінді, тағдырлар талқандалды. Бұл — тек соғыс емес, бұл — бүкіл адамзаттың шыдамын, рухын сынаған кезең. Адам өмірінің, бейбітшіліктің, тыныштықтың, тәуелсіздіктің бағасын осы сұм соғыс арқылы жете түсінеміз. Қаншама отандастарымыз майдан даласында жанын қиып, қан төкті. Отан үшін отқа түсті, елі үшін жанын берді. Ал тылда қалғандар күндіз-түні тыным таппай еңбек етті, майданға азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақ жіберіп отырды. Бұл — нағыз ерлік.
Қазіргідей бейбіт заманда өмір сүріп жатқан біз үшін бұл соғыс — тек тарих кітабындағы дерек емес. Бұл — мәңгілік естелік, үлкен сабақ. Біз мұны ұмытпауымыз керек, себебі тарихты еске алу — бейбітшілікті сақтау жолындағы алғашқы қадам. Әр ұрпақ бұл соғыстың маңызын түсініп, өткенге тағзым етуі керек.