Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбаев Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында ауыл тұрғындарына арналған «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуындағы олқылықтарға тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағдарлама елдегі ауыл өмірін жақсартуға бағытталған жалғыз ауқымды бастама болса да, оны жүзеге асыруда салғырттық пен немқұрайлылық басым.
«Президенттің сөзі бар еді, “Тыңдаушы мемлекет” тұжырымдамасына сәйкес, атқарушы билік азаматтардың өтінішіне уақтылы әрі мазмұнды жауап беруі тиіс деген. Алайда, іс жүзінде олай болмай тұр», – деді депутат.
Ол министрліктердің депутаттық сауалдарға жаттанды, мазмұнсыз жауаптар беріп отырғанына алаңдаушылық білдірді.
Мақсат Толықбаевтың айтуынша, 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 100 млрд теңге көлемінде шағын несие қарастырылғанымен, бюджет тапшылығы салдарынан тек 20 млрд теңге ғана бөлінген.
«Әкімдік үш-төрт айлап құжат жинатады. Бірақ беретін ақша жоқ. Бұл бір», – деп шенеуніктердің қағазбастылығын атап өтті.
Сондай-ақ депутат бұл бағдарламаның маңызды құрамдас бөлігі ретінде ауылдық жерлерде арнайы «Агросауат» оқу орталықтарын құру туралы бастама көтерген. Бұл орталықтар ауыл тұрғындарын кәсіби оқытып, несие алғаннан кейін де қолдауды жалғастыруды көздейді.
«Пилоттық жоба Жамбыл облысының Меркі ауданында ойдағыдай жүзеге асып жатыр ғой», – деген депутат, жоба сәттілігіне қарамастан, басқа өңірлерде оны дамытуға құлықсыздық байқалатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бұл бастаманы қолдап, Үкімет пен әкімдіктерге нақты тапсырма да берген.
Алайда депутаттың пікірінше, Ұлттық экономика министрлігінің жауабы көңіл көншітпейді.
«Жауабына қарасам, ұсыныс ескерусіз қалған. Әлі күнге дейін нақты шаралар қабылданбаған. Яғни, жоспарлары жоқ, жауапсыздық деген сөз», – деп, Толықбаев мәселенің тек несие таратумен шектелмейтінін баса айтты.
«Оқыту, тоқыту, үйрету, кооперативтерге біріктіру, өндірілген өнімдерді өткізу жолдарын бірден меңгерту маңызды. Қысқасы, “Агросауат” оқу орталықтарының жоқтығынан, қаржылық тұрақсыздық, несиенің уақытында қайтарылмауы сияқты мәселелер туындап отыр», – деді депутат.
Мақсат Толықбаев бұл жобаның маңызын айта келе, салаға бей-жай қарауға болмайтынын жеткізді:
«Қандай жақсы жоба еді?! Бірақ немқұрайлықпен “Ауыл аманатына” қиянат жасап жатырмыз».
Депутат Үкіметке екі нақты ұсыныс жолдады:
- Өңірлерде «Агросауат» оқу орталығын құру жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу;
- Бұл орталықтардың қызметін қаржыландыруды және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу мен өткізу инфрақұрылымын дамыту шараларын қамтитын бюджеттік бағдарламаны нақтылау.
Оның пікірінше, «Ауыл аманаты» – жай бір жобаның атауы емес, ауыл тұрғындарының үмітіне айналған бастама. Ал сол үмітті ақтау – Үкіметтің тікелей міндеті.