Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев теміржол машина жасау саласындағы ірі халықаралық серіктес – Alstom компаниясының өкілдерімен кездесті.
Делегацияны Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдеріндегі Alstom президенті Эндрю ДеЛеоне бастап келді. Сондай-ақ кездесуге компанияның Батыс және Орталық Азиядағы басқарушы директоры Жером Бойе қатысты.
Келіссөз кезінде тараптар бірнеше маңызды жобаны талқылады. Атап айтқанда, орта дәлізді дамыту аясында жаңа буындағы KZ6 локомотивтерін өндіру; теміржол инфрақұрылымын жаңғырту; қала маңындағы пойыздар мен трамвайларды пайдалана отырып, қала қозғалысын жандандыру.
Министр Alstom компаниясымен байланысты нығайту аса маңызды екенін айтты, сонымен қатар ұсынылып отырған жобалар еліміздің көлік жүйесін жетілдіруге және өңірлік транзиттік әлеуетті арттыруға сеп болатынын жеткізді.
Эндрю ДеЛеоне Қазақстан тарапына қонақжайлығы үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл серіктестік Қазақстан мен Франция арасындағы сенімді экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтпақ.
Кездесуді қорытындылаған тараптар диалогты жалғастыруға және жаңа жобалар аясында байланысты бекіте түсуге мүдделі екендерін білдірді.