Алматыда екі жолаушы такси жүргізушісіне агрессия танытқаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Биылғы сәуір айында екі жолаушы таксиге мінген. Біреуі көліктің артқы орындығында отырып, салонда темекі шеккен. Жүргізушінің ескертуіне агрессия танытып, балағат сөздер айтып, жүргізушіні желкеден ұрған.
Сот оны «Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» бабы бойынша кінәлі деп танып, 12 тәулікке қамаққа алды. Сонымен қатар жәбірленушінің азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, 100 000 теңге мөлшерінде моральдық шығын өндірді.
Екінші жолаушы көліктің алдындағы орындықта отырып, жүргізушімен тағы да жанжалдасып, балағат сөздер айтқан. Ол «Кішігірім бұзақылық» бабы бойынша жауапқа тартылды. Сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.