Қазақстан хоккей құрамасы Венгрияда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында ІА дивизионында екінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Австрияға қарсы матчтың алдында бапкерлер штабы құрамда тек бір өзгеріс жасады. Қақпада Тәңірхан Алпысбаевтың орнына Данил Лыткин шықты.
Отандастарымыз бірінші кезеңде қатарынан үш шайба соқты: матчтағы есепті Бексұлтан Мақыш ашты, артынша Аристарх Киреев пен Руслан Түсіпбеков гол салды. Үшінші кезеңде қарсылас есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартты. Алайда Санжар Ибрагим бос қақпаға гол соғып, матчтың нүктесін қойды. Есеп – 4:2. Қазақстан құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді. Құрама еншісінде екі жеңіліс бар.
Қазақстан құрамасы келесі матчты Украинаға қарсы өткізеді. Кездесу 26 сәуірде Астана уақытымен 22:30-да басталады.