Қазақстандық әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының бапкері Марко Контрерас боксшымен жұмысын жалғастыруға дайын екенін айтып, Сауль Альвареспен (Канело) болуы мүмкін жекпе-жекке қатысты пікір білдірді, деп хабарлады turkystan.kz offside.kz сайтына сілтеме жасап.
Legalbet.kz сайтына берген сұхбатында орта салмақтағы қазақстандық чемпионның бас бапкері Марко Контрерас Жәнібекпен алдағы жоспарлары және мексикалық супержұлдыз Сауль «Канело» Альвареспен өтетін ықтимал кездесу жайлы ойымен бөлісті.
— Егер кестелеріміз сәйкес келіп жатса, мен Жәнібекпен жұмысымды жалғастыруға дайынмын, – деді Контрерас.
Сондай-ақ ол Жәнібектің Канеломен айқастағы мүмкіндіктері жайында да пікір айтты:
— Иә, меніңше, ол Канело үшін лайықты қарсылас бола алады. Мүмкін, олар келесі жылы кездесіп қалар. Егер Жәнібекке жақын арада чемпиондық белдіктерді біріктіру мүмкіндігі берілмесе, ол жоғары салмаққа өтіп, Канелоға лайықты қарсылас ретінде танылуы дұрыс болар еді.
Жәнібек Әлімханұлы жуырда WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерін сәтті қорғап шықты. 5 сәуірде Астанада өткен кездесуде ол франциялық Анауэль Нгамиссенгіні бесінші раундта нокаутпен жеңіп, қарсыласына кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісті сыйлады.
Жекпе-жектен кейін Жәнібек өз амбициясын ашық білдіріп, суперорта салмақтағы чемпион Сауль Альваресті жекпе-жекке тікелей шақырды. Егер орта салмақта белдіктерді біріктіру жақын арада жүзеге аспаса, Канеломен айқас Әлімханұлының мансабындағы шешуші кезеңге айналуы мүмкін.