Алматыда ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кафеге келушісі ұсталды, деп хабарлады turkystan.kz.
45 жастағы ер адам сол жердегі мекеме қызметкерлеріне тіл тигізген.
Құқық бұзушыны Алмалы ауданының полиция қызметкерлері жедел анықтап, қолға түсірді. Сот шешімімен ер адамға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
– Кез келген келіспеушілік заң аясында шешілуі тиіс. Агрессия, қорқыту және тіл тигізу әділ шешімге алып келмейді, керісінше, жағдайды ушықтыра түседі. Азаматтарды заңды сақтауға және салиқалы әрекет етуге шақырамыз. Қандай да бір дау туындаса – уәкілетті органдарға жүгініңіздер, – деді Алмалы ауданы полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
Еске салайық, бұған дейін желіде осы оқиғаға қатысты видео жарияланған. Видеода ер адамның кафеге кіріп, тамақ пен шайды тегін беруді талап еткені айтылған. Ал ол талап орындалмаған кезде, кафе қызметкерлеріне айқайлап, «басыңды жарып жіберемін», «пышақ сұғамын» деп қорқыта бастаған.