Сенат депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Геннадий Шиповских бүгін Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында айтылған нақты қадамдарға тоқталып өтті.
"Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ассамблеяның 30 жылдығына арналған кеңейтілген отырыста айтқан сөздері – еліміздің бағыт-бағдарын айқындайтын терең ой, нақты ұстаным.
«Кейбір мемлекеттер үшін этникалық әралуандылық сын-қатердің, сенімсіздік пен төзбеушіліктің белгісі болуы мүмкін. Бірақ бұл – біздің жалпыұлттық қазынамыз әрі стратегиялық артықшылығымыз», – деді Мемлекет басшысы.
Ынтымақ, өзара құрмет пен азаматтық жауапкершілік – Қазақстанның дамуының мызғымас іргетасы. Осы құндылықтар арқылы біз Тәуелсіздігіміздің жетістіктерін сақтап қана қоймай, оны еселеп, келер ұрпаққа аманаттаймыз.
Біздің еліміздің басты құндылығы – бейбітшілік пен қоғамдық келісім!
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы – осы құндылықтардың сенімді тірегі, мықты аванпосты ретінде өз тарихи миссиясын жалғастыра береді.
Біз – болашаққа нық сеніммен қадам басқан біртұтас ұлтпыз!", – деді Сенат депутаты.