Мексиканың 40 жастағы тұрғыны жасанды ұрықтандыру (ЭКО) клиникасының көмегіне жүгініп, донорлық жұмыртқажасушаны пайдаланған болатын. Бұл жасушаға жасанды интеллект басқарған робот ИКСИ (интрацитоплазмалық сперматозоид инъекциясы) әдісімен ұрық енгізген.
1990-жылдардан бері қолданылып келе жатқан ИКСИ әдісінде (ICSI — Intracytoplasmic Sperm Injection) арнайы иненің көмегімен бір сперматозоид жұмыртқажасуша ішіне енгізіледі. Бұл классикалық ЭКО әдісінен ерекшеленеді: дәстүрлі әдісте ұрықтану табиғи ортада жүреді — мыңдаған сперматозоидтардың біреуі өздігінен жұмыртқажасушаға енеді. Ал ИКСИ — әсіресе сперматозоидтар баяу немесе әлсіз болған жағдайда көмектесетін әдіс.
Бұған дейін ИКСИ толықтай білікті эмбриологтармен жүргізілетін. Ал енді бұл процедураны робот-аппарат жүзеге асырды. Ол Мексиканың Гвадалахара қаласындағы клиникада орнатылған. Роботтың жұмысын қашықтан, АҚШ-тың Нью-Йорк штатында отырған эмбриологтар мен инженерлер, сондай-ақ жасанды интеллект бірлесіп басқарған.
ИКСИ 23 кезеңнен тұрады: сперматозоид сапасын бағалау, ең жақсысын таңдау, оны инемен жұмыртқаға енгізу, ұрықтану нәтижесін талдау және эмбрионның өміршеңдігін бағалау. Бұл кезеңдердің барлығын робот алгоритмдік дәлдікпен орындаған.
Нәтижесінде, әйел бірінші талпыныста-ақ жүкті болып, белгілі мерзімде дені сау ұл баланы дүниеге әкелді.
Бұл жетістік жайлы Reproductive Biomedicine Online ғылыми журналында жарияланды. Технологияны бірнеше жыл бойы Conceivable Life Sciences атты халықаралық ғылыми топ жасап шығарған. Бұл команда құрамында АҚШ пен Мексика мамандары бар.
Жобаның жетекшісі, эмбриолог Жак Коэннің айтуынша, роботпен басқарылатын ИКСИ әдісі процедура дәлдігін арттырып, адам факторын азайтады. Бұл, әсіресе, жұмыртқажасушалардың өміршеңдігін сақтап қалуға және инъекция уақытының қысқаруына көмектеседі.
Алайда, кей сарапшылар мұндай нәзік процестен адамның толықтай шеттетілуі кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.