Scopus пен Web of Science-ке мақала жариялау талабын қайта қарау керек – Асхат Аймағамбетов

/
Scopus пен Web of Science-ке мақала жариялау талабын қайта қарау керек – Асхат Аймағамбетов
сурет: parlam.kz

Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Асхат Аймағамбетов Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында магистратура мен докторантураға түсу талаптарын қайта қарау қажет екенін айтты. Депутаттың айтуынша, қазіргі талаптар кейбір мамандықтарға түсуге кедергі келтіріп отыр.

"Қазір магистратура немесе докторантураға түсу үшін барша талапкерге ағылшын тілінен емтихан тапсыру міндеттелген. Бұл талап оқу тілі қазақша болсын, орысша болсын – бәріне ортақ", – деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, бұл талап кезінде ғылыми жаңалықтарды игеру үшін орынды болғанымен, қазір заман өзгерген.

"Ашығын айтқанда, бұл талапты кезінде министр болғанда қолдаған да, бекіткен де өзім болатынмын. Алайда қазір жағдай басқа. Жасанды интеллект пен аударма технологиялары қарқынды дамыды. ChatGPT, Gemini сынды құралдар кез келген мәтінді сапалы әрі жедел аударады. Яғни, бұл талап жастарға кедергі болмауы тиіс", – деді депутат.

Аймағамбетовтің пікірінше, әсіресе қазақ филологиясы, музыка, этнография сынды салаларда ағылшын тілінен емтихан тапсыра алмаған жастар ғылым жолына түсе алмай жүр.

Төрт ұсыныс айтылды:

  1. Ағылшын тілін мектептен бастап тереңдетіп оқыту. Депутаттың сөзінше, 3-4 және 10-11 сыныптарда ағылшын тілінің сағатын көбейту қажет. Бұл бағытта қолға алынған бастама толық іске аспаған.
  2. Емтиханды кейінге қалдыру. Яғни, оқу ағылшын тілінде жүргізілмейтін бағыттарда тілдік емтиханды түсу кезінде емес, оқу соңында тапсыру ұсынылады.
  3. Сараланған талаптар. Ағылшын тілінде оқытатын немесе қосдипломды бағдарламаларға бұл талапты күшейту қажет болса, басқа бағыттарда жеңілдету керек.
  4. Ғылыми мақалалар бойынша балама жолдар ұсыну. Аймағамбетов Scopus пен Web of Science базаларындағы мақала жариялау талабын мамандықтың ерекшелігіне қарай қайта қарау керектігін айтты. Оның айтуынша, бұл талапты әр университет өз құзырында шеше алуы тиіс.

"Бастысы – ғылыми жұмыстың сапасы мен қосқан үлесі. Бізге шын мәнінде пайдалы, шынайы зерттеулер керек", – деді ол.

Асхат Аймағамбетов ұсынылып отырған бастамалар білім беруді әділетті, қолжетімді және заманауи етуге бағытталғанын атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары