ЮНЕСКО-ның тізіміне Қазақстаннан 14 номинация енген

/
ЮНЕСКО-ның тізіміне Қазақстаннан 14 номинация енген
Үкімет. Фото: t.me/KZgovernment

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҰҒА академигі Кенжехан Матыжанов Үкімет отырысында ЮНЕСКО тізіміне Қазақстанның рухани байлығын енгізу бойынша республикада жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

 Ол телегей теңіз мол мұраны аялап сақтап, ЮНЕСКО тізіміне енгізіп, адамзат игілігіне айналдыру баршамыздың асыл мұратымыз екенін атап өтті.

«Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «2025–2027 жылдарға арналған ЮНЕСКО аясындағы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды» әзірлеу бастамасы дер кезінде көтеріліп отырған өзекті мәселе деп санаймыз. Бүгінгі таңда, Қазақстаннан «Адамзаттың Материалдық емес мәдени мұраларының Репрезентативтік тізіміне» 14 номинация енген. Оның алтауы Ұлттық, сегізі көпұлттық номинация. Осы жұмыстарды ғылыми жүйелі жалғастыруға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты да белсенді атсалысып келеді», — деді Кенжехан Матыжанов.

Спикердің сөзінше 2024 жылы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық Комиссиясының басшылығымен, «Алпамыс батыр» жырын жырлау дәстүрін» көпұлттық номинация ретінде дайындау жұмыстары жүргізілді. Соған орай, 2024 жылдың 17-18 қазанында «Түркі халықтарының рухани мұрасы әлемдік өркениет аясында: «Алпамыс батыр» жыры» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Конференцияға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Ресей, Моңғолия елдерінің ЮНЕСКО ісі бойынша Ұлттық комиссияларының сарапшылары мен ғалымдар шақырылды.

2025 жылдың наурыз айында Жұмыс тобы мүшелерінің мақұлдауымен «Алпамыс батыр» жырын жырлау дәстүрі» көпұлттық номинациясының соңғы нұсқасы 28 наурызда ЮНЕСКО-ның Париждегі бас штабына жөнелтілді. Қазір ақтық шешімді күтіп отырмыз.

Сонымен қатар институт фольклорлық мұраны ЮНЕСКО тізіміне енгізу жөнінде бірқатар ұсыныстар дайындаған болатын:

  • Эпостық жырларға арналған халықаралық ғылыми конференцияларды тұрақты өткізіп тұру;
  • Мектептер мен ЖОО-нда фольклорлық дәстүрді факультатив сабақ ретінде енгізу;
  • Жастар арасында орындаушылық байқауларды жүйелі ұйымдастыру;
  • Өңірлерде жыршылық, күйшілік мектептерді жаңғырту;
  • Батырлар жырын жатқа айтудан байқаулар өткізіп тұру;

Өңірлерде салт-дәстүр мен қолөнерді, халық шығармашылығын  дамытуға байланысты аймақтық іс-шараларды қолға алу.

Бөлісу: