Қызылордада ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтуға мониторинг жасалды

Қызылордада ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтуға мониторинг жасалды

«АMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында елді мекендерді таза ауыз сумен қамту, халыққа сапалы, таза ауыз су жеткізу ісіне баса назар аударылған. Бүгін партияның Қызылорда облыстық филиалының бастамасымен қалалар мен ауылдық елді мекендер тұрғындарының таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі бойынша қолданыстағы, іске асырылып жатқан және жоспардағы мемлекеттік және аймақтық бағдарламалардың жүзеге асуы мен ауыз су сапасына мониторинг жасалды. Іс-шараға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, партияның облыстық, қалалық филиалдары жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мүшелері, жауапты мекеме басшылары қатысты.

Атап өту керек, өңірде 4 қала және 223 ауылдық елді мекен бар және барлық қала 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. 223 ауылдық елді мекеннің 200-і, халық санымен алғанда 98,6 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Бүгінде қалған 23 елді мекенді орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу бойынша арнайы Жол картасы әзірленіп, жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда. 

Бүгінгі мониторинг барысында аманаттықтар Қызылорда қаласындағы бас су алу кешенінде болып, ондағы суды залалсыздандыру цехы, зертханалардың жұмысымен танысып, судың сапасына ерекше мән берді.
Кездесу барысында мамандар халықтың басым бөлігі ауыз суды бақшаға пайдаланып отырғандығын жеткізіп, ауыз суды үнемдеу бағытында жасалып жатқан жұмыстармен де таныстырды. Олардың айтуынша қыс мезгілінде қала тұрғындары 47 текше метр су пайдаланса, жаз мезгілінде 80-нің үстіне шығып кететінін айтады.
Мониторинг барысында аталған мәселе бойынша халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігі айтылды. Сонымен қатар партия тарапынан ауыз сумен жабдықтаушы тиісті мекемелер басшылары мен өкілдеріне тұрғындарды ауыз сумен қамту жұмысын сапалы және уақытылы жүргізу тапсырылды. Мәселе тұрақты түрде партияның бақылауында болатыны ескертілді.

Бөлісу: