230
"Ақылды қала" қандай болуы тиіс?
"Ақылды қала" қандай болуы тиіс?
Оралда «Ақылды қала» кешенді жобасы бастау алды. Бұл туралы бүгін Салтанат сарайында өткен «Ақылды қала Орал» халықаралық форумында мәлім етілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Қазақстан ғана емес, Финляндия, Франция, Австрия және Ресей елдерінен компаниялар өкілдері мен сарапшы-мамандар келген жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, жаһандану талаптарына сәйкес үздіксіз жүріп жатқан жаңару үдерістеріне ілесудің, дамудың жаңа кезеңіне қадам басудың бірден-бір жолы - жаңғырту. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында: «Бірінші басымдық - экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл - маңызды кешенді міндет», деп атап көрсеткен болатын. «Осы тапсырмаға сәйкес денсаулық сақтау саласында цифрлық қызмет көрсетуді бастадық. Қазіргі таңда Орал қаласының тұрғындары денсаулық сақтау мекемелерінде электронды кешенді қызметті (электронды кезек, электронды база және мәліметтер) пайдалануда. Енді білім, онлайн сауда ісі сияқты салаларға кезек келмек. Мысалы, білім беру саласына цифрлық қызметтерді енгізу бойынша электронды оқыту ресурстары көмегімен алыс елді мекендерде орналасқан мектептердің оқушылары физика, химия, биология, математика сияқты пәндер бойынша цифрлық зертханалармен жұмыс істейді. Биыл 200 мектепте осы жаңа инновациялық жүйе іске қосылады.
Орал қаласында «Smart city - Ақылды қала» атты жаңа кешенді жоба жасақталуда. Мұның басты мақсаты - тұрғындар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар қоғамдық тәртіп пен жол ережелерін сақтау, қоршаған ортаны қорғау. Осыған орай ұйымдастырылып отырған «Smart citi - 2017» форумына сарапшы ретінде Еуропада екі мәрте үздік атанған «Ақылды қала» жобасының операторы «Бизнес Оулу» фин компаниясының өкілдері шақырылып, пікір алмастық. Мысалы, олардың «Жедел жәрдем» көлігіне енгізген бағдарламасы қызықтырды. Яғни аталмыш көлік келе жатқанда, барлық бағдаршамда жасыл шам жанып тұрады. Сол секілді қуат үнемдеу бағытында қаладағы жылыту жүйесін жаңалау, қоғамдық көлікті дамыту, қылмысты, жол-көлік оқиғаларын бақылау үшін бейнекамералар орнату сынды бірнеше жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы қолға алу ойластырылуда. Айталық, Орал қаласында «Сергек» компаниясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 200 бейнекамераны орнатуға кірісті. Тағы 100 камера шаһар бюджеті есебінен қамтамасыз етілмек. «2GIS» жобасына сәйкес смартфондар мен планшеттерге салынатын электронды қосымшалар арқылы тұрғындар автобустың қайда келе жатқанын біліп, қаладағы нысандардың мекенжайын таба алады. Қала көшелері мен аулаларын қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жарықтандыру да жоспарда. Медицина мекемелерінде электронды кезек пен ақпараттық жүйені енгізу жұмысы жалғасады. Мұның барлығы алдағы төрт-бес жылға есептелген. Бәрі де тұрғындардың қамы үшін, қауіпсіздігі үшін. Ең бастысы, әлемдік үздік технологияларды пайдалана білуге тиіспіз», деді облыс басшысы. «Бизнес Оулу» фин компаниясының директоры Джуха Ала-Мурсула ақылды қала саналатын Оулуда жүзеге асырылған жобалар жөнінде әңгімелеп берді.
Мұндай жобалардың қолға алынғанына жиырма жыл болды. Осы мерзім ішінде қателіктер де болмай қалған жоқ. Яғни қаржының өзін-өзі ақтамаған жобаға салынған да кезі де болды. Сондықтан оралдықтар мұндай қателіктерге ұрынбас үшін біз қолдан келген көмегімізді көрсетуге, бірлескен жобаларды қолға алуға дайынбыз. Сонымен қатар Астанада өтетін «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесіне де қатысып, өз өнімдерімізді ұсынамыз», деді ол. Жиында сондай-ақ «Сергек» компаниясы коммерциялық бөлімінің жетекшісі Дмитрий Лихачев, «Астана Innovations» АҚ инновациялық жобаларды жүзеге асыру департаментінің директоры Бақтияр Хәкім және басқалар тың жобалармен таныстырып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.