жексенбі, 20 сәуір, 2025

«Еңбек адамы – ел мақтанышы»: Петропавлда республикалық айтыс өтті

/
«Еңбек адамы – ел мақтанышы»: Петропавлда республикалық айтыс өтті
Сурет: Аманат партиясы

Петропавл қаласында «AMANAT» партиясының қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі «Еңбек адамы – ел мақтанышы» тақырыбында республикалық командалық айтыстың екінші айналымын өткізді, деп хабарлады turkystan.kz.

Жыр аламанында Астана қаласының және Солтүстік Қазақстан облысының ақындары мен дәстүрлі өнер иелері бақ сынады.

«Командалық айтыс мега-жобасы 2024 жылы бастау алды. Әр өңірде өнерпаздар бас қосқан 20 команда құрылды. Бірінші айналымда 10 команда топ жарды. Ал жартылай финал мамыр айында Астана қаласында өтеді. Бүгін Солтүстік Қазақстан облысы мен Астана қаласының намысын қорғайтын командалар көрерменнің көзайымына айналып, қазақтың бекзат өнерін биік деңгейде көрсетеді деген сенімдемін», – деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай.

Айта кетейік, наурыз айында өткен жыр додасында теріскейлік ақын, жыршы, термешілер Шығыс Қазақстан облысының командасынан басым түскен болатын. Аталған өнер бәйгесінде ақындар «түре», «сүре», «қайым» және «қыз бен жігіт айтысы» жанрлары бойынша сынға түсті. Сонымен қатар күй, жыр, терме және дәстүрлі ән орындаушылары арасында кіл мықтыда кім мықты екені анықталды.

«Осыдан бір ай бұрын, Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған айтыста командамыз өрелі өнерін көрсетіп, сал-сері, батырлардың ұрпағы екенімізді дәлелдедік. Бұл жолы да жыр-терме, дәстүрлі ән сынына түсетін жігіттеріміз сайдың тасындай іріктелді. Астана қаласының командасын айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы бастап келіп отыр. Олар да тісқаққан өнерпаздар. Алайда біздің қыз-жігіттер де осал емес. Бәрі де бабадан мирас болып қалған байтақ өнерді ұлықтап келеді», – деді ұйымдастырушы әрі айтыскер ақын Жарқын Жұпархан.

Осылайша, өнердің бес бағыты бір жобада тоғысты. Бір айда екінші рет ұйымдастырылып отырған доданы тамашалауға келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Қазақтың күмбірлеген күйі мен төгілген жыры көзіқарақты көрерменнің шын көңілінен шықты. Есілдің жағасында туған ұлы тұлғалардың мерейтойлары туралы да сөз қозғалды. Бұл – Қожаберген жырау мен Шал ақын, Сегіз серінің өнері әлі де жалғасын тауып келе жатқанының жарқын көрінісі. Қазақтың қара домбырасын қолға алып, күй шалқытқан, суырып салмалығымен көзге түскен және дауысы алты қырдан әрі асқан өнерпаздар көрерменнің қошеметіне бөленді. Ақындар сүбелі сөз саптап, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді.

Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен, Астана қаласының командасы жеңіске жетіп, республикалық айтыстың келесі кезеңіне жолдама алды.

Бөлісу: