Қарағанды облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері Ұлы Отан соғысының ардагері Мария Ефимовна Шинкевичті туған күнімен құттықтады.
Олар ардагерге Қорғаныс министрінің құттықтау хатын салтанатты түрде табыс етіп, Ұлы Жеңіске қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс айтты.
– Көрсеткен құрметтерің мен қамқорлықтарың үшін рахмет айтамын. Жыл сайын қатарымыз сиреп келеді. Жастар үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Олардың өткен тарихты құрметтей білетінін көру үлкен қуаныш, – деді Мария Ефимовна.
«Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері Мария Ефимовнаның соғыс жылдары туралы естелігін қызығушылықпен тыңдады. Оқушылар үшін екінші дүниежүзілік соғыстың куәгерімен кездесу естен кетпес оқиға болмақ.
– Ардагерлермен кездесіп, сөйлесуге мүмкіндігіміздің барына қуаныштымын. Бұл баға жетпес тәжірибе. Мария Ефимовнаға және барлық ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін. Олардың болашақ ұрпақ үшін жасаған еңбегіне рахмет, – деді «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушісі Құндыз Әнуар.
Мария Ефимовна 1925 жылы 13 сәуірде Қарағанды облысының Ростовка ауылында дүниеге келген. 1944 жылы ол Осакаров аудандық әскери комиссариатынан әскери қызметке шақырылып, Мәскеудегі жалпы білім беретін мерген әйелдер мектебінде оқыған.
3-ші Беларусь және Украина майдандарында 220-шы атқыштар дивизиясының 2-ші дәрежелі Суворов орденді 199-шы армян қосалқы атқыштар полкінің құрамында соғысқан ардагер Жеңісті Прагада қарсы алды.
Мария Ефимовна екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін», «Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуков», «Украинаны азат еткені үшін» медальдарымен және «Соғыс ардагері» төсбелгісімен марапатталған.
Бүгінде Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының сегіз ардагері тұратынын естеріңізге саламыз.