Бүгін Мәжілісте жаңа Салық кодексі бірінші оқылымда қаралды. Осы маңызды құжатты талқылау кезінде Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов жаңа салық саясатының әділеттілікке негізделуі тиіс екенін баса айтты.
«Салық кодексі – тек салық мәселесі ғана емес, ол әділеттік мәселесі дегенді жаңа депутаттар дұрыс айтты деп ойлаймын», – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері салық мәселесінің әрбір қазақстандықтың өміріне тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Салық – өте сезімтал сала. Себебі әр қазақстандық азамат, әр отбасы, әр қазақстандық бизнесмен бүгінгі біздің қабылдаған шешімімізді тікелей сезінетін болады», – деді ол.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке әділ, тиімді әрі болжамды салық жүйесін қалыптастыруды тапсырған. Осы тапсырма аясында жаңа Салық кодексі қыркүйек айынан бері жан-жақты талқыланып келеді.
«Жұмыс тобында өте көп жұмыс атқарылды. Сонымен қатар кеше Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының отырысында да бұл мәселе жан-жақты қаралған болатын. Басқа да фракциялардың отырыстарында да талқылау өтті. Сондықтан көп жұмыс атқарылғанын айта кеткім келеді. Оның нәтижесін бүгін көріп отырмыз», – деді Мәжіліс Төрағасы.
Әркім өз кірісіне сай салық төлеуге тиіс
Талқылау барысында Мәжіліс пен Үкіметтің бастапқыда ұстанымдары алшақ болғанымен, қызу пікірталастардың нәтижесінде бірқатар маңызды мәселелер бойынша ымыраға келген.
Бірінші кезекте, Қосымша құн салығының (ҚҚС) шекті мөлшері 15 млн теңгеден 40 млн теңгеге көтерілетін болды.
«Бұл қоғамды алаңдатқан ең өзекті мәселе болатын. Үкімет ұсынған 15 млн теңге шекті мөлшерін 40 млн теңгеге көтеретінін, ол бойынша Үкіметтің ұстанымын жаңа ғана Жұманғарин мырзаның аузынан естідіңіздер», – деді Қошанов.
Екінші, әркім өз кірісіне сай салық төлеуге тиіс деген ұстаным қабылданды. Шағын және орта бизнеске арналған арнайы салық режимі сақталып, кәсіпкерлер 4 пайыздық мөлшерлемемен ҚҚС-сыз жұмыс істей алады.
«Бұл – үлкен шешім. Оған қоса, бұл мүмкіндікті кеңейту мақсатымен “тыйым салынған кәсіптер тізімі” әзірленеді. Ол да арнайы салық режимінің қолданылу аясын едәуір кеңейте түседі», – деді ол.
Үшінші, ірі бизнес үшін жеңілдіктер қысқартылады. Ал банктер мен ойын бизнесіне салынатын табыс салығы ұлғаяды.
«Бір сөзбен айтқанда, қарапайым халықтың қалтасына салмақ түспейді. Жаңа салық саясатының көздегені де – осы», – деп нақтылады Мәжіліс Төрағасы.
Екінші оқылым – жауапты кезең
Мәжіліс Төрағасы екінші оқылымға дейін әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аударылатынын да атап өтті.
«Әрине, әлі де шұғыл шешімді қажет ететін көптеген мәселе бар. Әсіресе, әлеуметтік саладағы мәселелер бойынша бүгін ашық айтылды. Оларды екінші оқылымға дейін Үкіметпен бірге Жұмыс тобында қарастыратын боламыз», – деді ол.
Сөз соңында Ерлан Қошанов қабылданатын шешімнің барынша теңгерімді болатынына сенім білдірді.
«Түпкілікті шешім оңтайлы әрі теңдестірілген, бизнес үшін де, халық үшін де тиімді болуға тиіс. Сондай шешімді біз Үкіметпен бірге қабылдай алатынымызға мен сенімдімін», – деді ол.