жұма, 18 сәуір, 2025

Бас прокуратура мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізуді ұсынды

/
istockphoto.com

Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов мектептерде жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күресу үшін жаңа пән енгізуді ұсынды, деп хабарлады turkystan.kz.

«Заңды құрметтейтін ұрпақты қалай тәрбиелеуге болады? Оған жауап — профилактикада, білім беруде және тәлімгерлікте. Өкінішке қарай, кейбір жасөспірімдер төбелес пен одан да ауыр қылмыстарға барып жүр. Көпшілігі заңды бұзып жатқанын, бұл үшін жауапкершілікке тартылатынын білмеген.

Нағыз қауіп — құқықтық сауатсыздық. Сондықтан біз уәкілетті органға 7-сыныптан бастап мектептерде «Заң және Тәртіп» атты міндетті пән енгізу туралы маңызды ұсыныс жасадық. Бұл пәнді қызметтегі заңгерлер мен құқық қорғау органдарының ардагерлері жүргізеді. Өйткені олар тек білімді ғана емес, өмірлік тәжірибесін де бөлісе алады», — деп жазды ол «Х» әлеуметтік желісіндегі парақшасында. 

Сондай-ақ Берік Асылов жасөспірімдер заңды білсе тәртіпсіздікке бармайтынын айтты.

«Жасөспірім заңның мәнін түсінгенде тәртіпсіздікке бармауға тырысады. Олар алған білімін тек сыныптастарымен ғана емес, отбасымен, көршілерімен де бөліссе дейміз. Мұндай сабақтардың саналы, жауапты, заң мен тәртіпке құрметпен қарайтын жас ұрпақты тәрбиелеуге көмектесетініне сенімдіміз.

Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Адал азамат тұжырымдамасының идеалдарына сай патриоттық рухта тәрбиеленген, білімді, жасампаз ұрпақты тәрбиелеудің маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Демек, отбасындағы тәрбие мен заңды білу, құрметтеу арқылы ғана біз әділетті қоғам құра аламыз», - делінген жазбада. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары