сәрсенбі, 2 сәуір, 2025

Жетісу облысында үш оқушының үстіне бетон жабындысы құлады

/
Ашық дереккөзден

Жетісу облысы Сарыөзек ауылындағы ескі ғимараттың қабырғасынан түскен бетон бөлшегі 16 жастағы оқушының үстіне құлап, жасөспірім жарақат алды, деп хабарлады turkystan.kz baq.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, аталған жағдай бойынша тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

Өңір жеткіншектері бірігіп, ауыл көрінісін тамашаламақ болып, ескі ғимаратқа шыққан. Сол тұста қирағалы тұрған нысанның бетон жабындысы құлап, үш бірдей оқушыны жарақаттаған. Оның біреуі бетон плитасының астында қалып қойған. Нәтижесінде, жасөспірім жансақтау бөліміне жеткізілген.

Негізі бұл 30 жылға жуық қараусыз тұрған қауіпті ғимарат еді. Былтыр да дәл осындай жайт болған. Өзіміз де үнемі алаңдап отыратынбыз тағы біреу мертігіп қалмаса екен деп. Әкімдікке бұны алып тастасын деген өтінішіміз де еш еленбей келеді. Енді міне аталған оқыс оқиғаға тиісті зерттеу жұмыстары жүріп жатыр, - дейді ауыл тұрғыны Едіге Бейсал.

Басшылықтың сөзінше, нысан иесінің қайтыс болғандықтан, шара қолдана алмай отыр. Ал өңір тұрғындары бұл мәселені жедел шешуін талап етеді. Себебі, оқыс оқиға қайталануы мүмкін.

Жанындағы балалар қоңырау шалды "осындай жағдай болды, тез келіңіз" деді. Арғы жағынан баламның “әке тез келші” деген даусы естілді. Даусы басқаша. ТЖ қызметі мен жедел жәрдем уақытында келіп жерге түсіріп алды, - дейді баланың әкесі Ержан Кенжеғазы.

Құтқарушы топ келгенше, әкесі ауыр жарақаттанған баласын үйінді астынан өзі шығарып алған.

Құжаттарды жинақтап, Кербұлақ аудандық сотына иесіз мүлік ретінде талап-арыз түсірдік.Кепілде тұрған ғимаратты тиісті мұрагерлері алмай отырғандықтан нәтижесіз болды. Ал шенеуліктер жекеменшік нысанды қоршай алмайды, - дейді Сарыөзек ауылдық округіәкімінің орынбасары Абзал Қалдыкерім.

Бөлісу: