Мазмұны
Ел үшін маңызды мәселелерді қозғайтын Ұлттық құрылтай отырысы биыл Мемлекет басшысының бастамасымен үшінші рет өткізілді. Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев сөзінше осы уақыт аралығында еліміздің жаңаша тұрпатқа ие болуына жол ашқан саяси реформалар жүзеге асырылды.
Қоғамның қатысуымен жалпыхалықтық референдум өткізіліп, Ата заңға түзетулер енгізілді. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатының аясында "Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет" қалыптасып, Парламенттің құзыры кеңейтіліп, Үкіметтің жауапкершілігі арттырылды. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Ел үшін маңызды шешім қабылдауда азаматтардың белсене қатысуына мүмкіндік беріліп жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды. Үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады. Түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады» – деді.
Мемлекет басшысы қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікір білдірді. Салық жүйесінің бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі екенін, бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайтынын, соның салдарынан әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайтынын айтты. Көпшіліктің талап-тілегі ескерілмей жатқан жоқ емес. Мемлекет те, тұтынушы да, барлық деңгейдегі бизнес өкілдеріне де тиімді тұстар қарастырылуда.
Президент еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керектігіне тоқталды. Жұрттың бәрі бірдей экономист немесе қаржыгер болмағандықтан, мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін екенін ескеріп, салық реформасының мәнін адамға түсінікті тілмен жеткізуге шақырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген. Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде.
Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс» – деді.
Ұлттық құрылтай бірыңғай уақыт белдеуін де айналып өтпеді. Бұл мәселе Үкімет пен Парламентте де әбден талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталмады. Тек уақытқа уақытты ыңғайлап, өмір сүруге көшу керек. Халқымыз "таңғы нәсіп тәңірден" деп таң мен іңір арасында ырыстың артатынын айтып, ерте тұруға кеңес берген. Осы күнге дейін бұл мәселеге ой да, бой да үйренетін уақыт өтті. Ел бойынша бір уақыт белдеуі болғаны дұрыс. Десе де Шығыс Қазақстанға бір сағат жылжытуға рұқсат берілді. Тұтас мемлекет болғандықтан уақыт белдеуі мәселесі көтерілмеуі тиіс.
Президент Қасым-Жомарт:
"Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ" – деді.
Сол сияқты жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқаны, теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажеттігі айтылды. Дін дұрыс ұстана алғанға қасиет, ұстана алмағанға қасірет дегендей, дін бұрыс идеологиялық құралға айналмауы тиіс.
Қыруар қаржы жұмсалып жатқандықтан, қазақ фильмдері саннан сапаға көшуі керек. Қазіргі көрерменде талғам жоғары әрі кинотеатрға бару да бір мәдениет болғандықтан, Голивудқа қарап бой түзейтін уақыт жетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа.
Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн» – деді.
Мемлекет басшысының баса мән берген мәселе заң мен тәртіп. Парламент қылмыстық істер мен сот жүйесін жетілдіруге арналған заңнамаларды реттеуде. Отбасылық кикілжің, зорлық-зомбылықты тоқтау шаралары қабылданды. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда әйелдер колониясындағы ахуалға тоқталды. Әсіресе, жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына алаңдаушылық танытты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
"Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек деген пікірмен келісемін. Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей екені түсінікті. Дегенмен адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек" – деді.
Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде түрлі салаға қатысты бағдарламалар мен кешенді жоспарлардың алды аяқталып, ел игілін көріп жатыр. Оның маңыздысын қажеттігіне қарай жалғастыру үшін Үкіметке нақты шешім қабылдау ұсынылды.