дүйсенбі, 31 наурыз, 2025

Ұлттық құрылтай ұлт бірлігін бекемдейді

/
Қазақстанның идеология мәселесі де өте өзекті.

Мазмұны

    Бурабайда өткен Құрылтайда Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді ономастика мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Мәжіліс депутаты Болат Керімбек Президенттің бұған дейін берген тапсырмаларын орындау аясында ономастика саласында үлкен жұмыс атқарылғанын айтады.

    «Жерлестік немесе туыстық қатынастар қағидаты бойынша көшелер мен елді-мекендердің атауын өзгерту фактілерінің алдын алуға бағытталған ономастикалық жұмыстың бірыңғай регламенті әзірленді және қабылданды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ономастика саласында қандай да бір шешімдер қабылдау кезінде «тарихи әділеттілік» қағидатын ұстануды, яғни шын мәнінде маңызды тарихи тұлғалардың тарихи естеліктері мен еңбектерін қастерлеу мақсатында ғана есімдерін беруді тапсырды. Бұл ретте еңбегі ешқандай фактілермен және мұрағаттық құжаттармен расталмайтын адамдарды, сондай-ақ кеңес дәуіріндегі ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды алып тастау маңызды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын, ал көшелерді немесе өзге де объектілерді қайта атау жөнінде қандай да бір шешімдер қабылдау кезінде халықтың пікірін ескерудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы жеке объектілерге атау беруде «бассыздық» орын алып жатқанына, «креатив» атын жамылып қоғамдық тәртіп пен әдептілік нормалары сақталмай жатқанына назар аударды. Сондай-ақ тиісті заңнамалық түзетулерді қарап жатқан депутаттардың адам атын жеке объектіге беруіне тек қана ономастика комиссиясының келісімінен кейін ғана рұқсат ету туралы бастамасына өз келісімін білдірді», – дейді ол.

    Құрылтай отырысында Президент еліміздің көптеген саяси,  рухани мәселелеріне көңіл аударды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша Құрылтайдың жұмысының өзі – Қазақстандағы саяси реформалар нәтижесі.

    «Мемлекет басшысы салық реформасының логикасына тоқталды.  Қазақстанның Мемлекеттік бюджетінің жартысына жуығы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Мемлекет әлеуметтік мәселелерді шешуді ары қарай жалғаса береді. Елімізде заңды тұлғалардың жеңілдіктері өте көп.  Осы жеңілдіктерді азайту қажет. Әлеуметтік желідегі әдептілік мәселесі өте өзекті! Діни теріс ағымдардың жастардың сана-сезіміне теріс әсеріне тиым салу қажет. Кино саласындағы проблемаларға да назар аудару маңызды. Жақында "Шоқан Қашқарияға сапары" мультфильмі шықты. Өте қажет өнім! Осындай туындылар көп болуы тиіс. Қазақстанның солтүстігіндегі халқымыздың санының азайып бара жатқандығы жасырын емес. Бұл мәселені шешу – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. "Қазақстан балалары" атты кешенді бағдарлама қажет. Балаларымызды ұлттық дәстүр негізінде  тәрбиелеу керек. Геосаяси жағдай күрделеніп келеді. Отаншыл, патриот балаларды тірбиелеу керек. Қазақстанның идеология мәселесі де өте өзекті.  Мемлекеттік құндылықтарды терең қалыптастыру қажет.  Өңірлерде театрларды салып, дамытуға баса назар аудару керек. Биыл Қазақстанның астанасының Қызылордаға көшуіне бір ғасыр болды. Сонымен қатар ұлтымыздың "қазақ" атауының ресми қайтуына да бір ғасыр болды. Келесі Құрылтайдың отырысын Қызылордада өткізуге шешім қабылданды. Қазақстанда бизнесті дамыту үшін 8 трлн теңге бөлінеді. Бұл қадам кіші және орта бизнесті дамытуға аса жоғары серпін береді. Қатон-Қарағай,  Зайсан, Кендірліде, Арқалық қаласында әуежай салынады. "Шекаралық аудандарды дамыту" жөнінде жаңа заң қабылдау жөнінде ұсыныс жасады. Үкімет аталған мәселені шұғыл шешуі керек деп тапсырма берді. Бұл шешім шекаралық аудандарды дамытуға жоғары серпін беретіні анық», – дейді ол.

    Бөлісу: