сәрсенбі, 2 сәуір, 2025

Шымкентте анасынан айырылған 7 бала баспаналы болды (ВИДЕО)

/
видеодан алынған скрин
Балалардың әкесі қамауда отыр.

Тележурналист Гүлнұр Әбіқай қиын тағдырға тап болған ағайынды жеті баланың баспаналы болуына себепші болды, деп жазды turkystan.kz.

«Айлардың сұлтаны оразада тағы бір қайырымды іс жасадық. Екі апта бұрын кенеттен панасыз қалған 7 бала көмек сұраған еді. Анасы белгісіз жағдайда 3-ші қабаттан секіріп қайтыс болды. Әкесі бұл өлімге күдікті деп қамалды. Баланың үлкені 20-да, кішісі 2-де. Төбесінен жай түскендей сәтте кәмелетке толмаған 5 бауыр мемлекет қарауына өтті. Тарыдай шашыраған 7 баланың басы қосылу үшін үй қажет. Осы жайлы жазғаным сол екен, 2 тәулікте үйге жетерлік қаражат жиылды. Шымкент қаласының ортасынан 3 бөлмелі пәтер сатып алып, ересек қызға рәсімдедік. 5 бауырдың басын қосып, бәрі әпкесінің қамқорлығына өтті. Қала орталығы, жайлы аудан, жаңа үй. Аулада 6 мектеп, 4 бақша бар. Балалар еш кедергісіз мектеп пен балабақшаға орналасатын болды. Тегін ұсынылған 40-тан аса үйірмеден қалағанын таңдайды», - деп жазды журналист.

Сондай-ақ ол балалардың еңбекке ерте араласқанын және жұмыс істеп жүргендерін атап өтті.

«Екі әпкесі де 6 жастан жұмыс істеп үйренген, шаруа таңдамайды. Бірі даяшы, бірі тігінші. Жанашыр оқырманым балалардың бәрін үйге қажетті киімдермен қамтыды. Жандос есімді оқырманым отбасын көшіруге, заттарын тасуға көмектесіп, 1 жылға электрлік, сантехникалық тегін қызмет ұсынды. Бүгінгі жаңалық осы, өзімнің арқамнан жүк түсіп жеңілдедім. Жетім көріп жебеген баршаңызға мың алғыс. Ана баладан, бала анадан ажырамасын! 7 баланы анасының әруағы желеп-жебеп жүрсін деп тілейік», - деп жазды Г. Әбіқай.

Бөлісу: