Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайда Президент қозғаған мәселелерді тарқатып берді.
Дұрыс салық саясаты – мемлекеттік жүйенің кепілі
Анығында сапалы салық жүйесі болашақ ұрпақтың жақсы өмір сүруіне тікелей әсер ететін экономикалық фактор. Осы мақсатта мемлекет басшысы салық реформасын ел-халыққа түсінікті етіп жеткізу керек дейді. Өкінішке орай мемлекеттен қаржылай қолдау тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған ірі бизнес өкілдері салықтан жалтару үшін бизнестерін боршалап жатқаны бар. Президент өз баяндамасында Салық кодексіне жедел түрде тиісті түзетулер енгізу арқылы осы олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды.
Мемлекеттік басқару ісінде бірыңғай уақыт белдеуі қажет
Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет пен Парламент, қоғам белсенділері бірлесе талқылаған бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесі мемлекеттік басқару ісі, логистика мен көптеген бизнес саласын оңтайландыруға септігін тигізетіндігіне тоқталды. Пікірталасты доғару қажет деген ойды ортаға салды.
Әдептен озбай...
Ұлтымыздың ең асыл құндылығы – ар-ұят, әдеп-тұғын. Мемлекет басшысы құрылтай мүшелерінің қоғамдық әдеп мәселесі бойынша пікірлерін тілге тиек етіп, офлайн-онлайын әлемдегі азаматтардың ар-намысын аяққа таптайтын келеңсіз үрдістерді, жаман ғадеттерді тыю жолын қарастыруды сөз етті. Сондай-ақ діни ахуалға байланысты өз ұстанымын білдіріп, асыл діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру дей келе, жат діни ағымдарға заңнама аясында жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды деді.
Алаяқтықпен күрес
Соңғы уақытта түрлі қайырымдылық қорлары ел-жұрттың пейілін пайдаланып қаржы жинап қалтасын қампайтуда. Ал «ауадан ақша істеген» пысықай психологтар мен «коучтар» «ақыл» сатып аңқау елдің асына ортақтасып отыр. Кемелұлы бұл қауіпті індеттің алдын алуды жауапты органдарға жүктеді.
Ел боламын десең экраныңды түзе
Кинотеатрда көрсетілетін фильмдердің ішінде зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын туындылардың көбейе бастағанына алаңдаушылық білдірген мемлекет басшысы отандық филімдерді кинопракатқа шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн дейді. Мәжіліс отырысында бізде Президент назар аударған осы мәселені депутаттық сауал ретінде Үкімет басшысына жолдаған болатынбыз. Бұл бағыттағы Президент тапсырмасын салалық министрліктермен бірлесіп, сапалы орындауға бар күшімізді салуға дайынбыз.
Барлығы «заң мен тәртіп» қағидасымен
Президент нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы кешенді жоспардың мерзімінің аяқталуына жаңа құжатты дайындауға, жетілдіруге қазірден бастап кірісу керектігін ескертті. Сондай-ақ құрылтай мүшелері көтерген әйелдер колониясындағы жағдайды құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек, - деді Президент өз сөзінде.
Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылданды. Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда деген Президент аталған мәселеге тиісті органдардың назарын аудартты. Құрылтай барысында Кемелұлы «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды деді. Шындығында соңғы уақытта айналамызда болып жатқан қатігерздіктер, трагедиялық жағдайлар өскелең ұрпаққа біліммен қатар тәрбиенің де маңызы жоғары екендігіне көз жеткізді. Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау – істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Бағдарлама атауын «Адал азамат» ретінде қалдыруды жөн санайтындығын жеткізді.
Озық тәжірибе басқа өңірлерге жүзеге асса
Кәсіби техникалық колледждер жаңа мамандықтарға сұранысты және еңбек нарығындағы жағдайды ескеруге тиіс. Үкімет осы мәселемен мұқият айналысуы керек. Қостанайдағы колледждің тәжірибесін солтүстік аймақтарда кеңінен қолдану қажет. Бұл аймақтардың еңбек нарығында теңсіздік одан әрі ушыға түсуге тоқсауыл болады дейді мемлекет басшысы. Құрылтай мүшелерінің ұсынысын тыңдаған Президент мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың критерийлерін қайта қарау және үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін айтты.
Тұлғаларды ұлықтауда тарихи құжаттарға басымдық беріледі
«Біз соңғы жылдары мемлекеттік наградалар мәселесін қайта қарап, бір жүйеге түсірдік. Енді ведомстволық (мекемелік) марапаттарды ретке келтіру қажет. Ведомстволық награда – нағыз білікті мамандарға ғана берілетін, сол арқылы кәсіби мәртебені көтеретін маңызды награда. Бұған бей-жай қарауға болмайды», - деді Президент өз сөзінде.
Президент өз бастамасымен ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталғанын айта келе «тарихи еңбегі» ешқандай архив құжаттарымен расталмаған тұлғаларды ұлықтау құралы етуге болмайтындығын, барлығында тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет екенін мәлімдеді. Әрі ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, азаматтық қоғамды дамыту үшін ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек деген ой-пікірмен ортақтасты.
Әз-Наурыз – ұлттық бірегейлігімізді нығайтатын мереке
Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бірегейлікті қоғамның барлық саласына үлгі ету керек деген тұжырыммен түйіндеді.
Театрды да табыс көзіне айналдырсақ
Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар аз емес. Сондықтан бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын», – деген Президент елдегі бизнес өкілдерін елдің мәдениет саласына да инвестиция салуға шақырды.
Абай институты Конфуций, Гете, Сервантес институттарынан кем емес
Мемлекет басшысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай институтының жұмысын жүйелеуді жүктеді. Осыдан бес жыл бұрын Семейдегі абайтанушы ғалымдармен кездесуде берген тапсырмасының негізінде цифрлық платформа форматында іске қосылған бірегей жоба толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналса, аталған құрылым Конфуций, , Сервантес институттары сияқты жұмыс істемек.
Материалдық емес мұраны қорғауға басымдық беріледі
ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық аясында Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұраларын халықаралық тізімдерге енгізуге айрықша мән беріліп келеді. Осы орайда мемлекет басшысы түрлі ұлттың барша адамзатқа ортақ білім қазынасына қосқан зияткерлік үлесін көрсететін «Әлем жады» тізіміне деректі мұраларымызды енгізу жұмысын жандандыру қажет, – деп салалық министрліктерге нақты тапсырма міндеттеді.
Экономикалық мега жобалар жүзеге асатын уақыт таяу
Биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр, – деп сөзін сабақтаған Президент алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 триллион теңгеге дейін жеткізуге тиіс екенін, бұл жерде бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары болатындығын мәлімдеді.
Ірі инфрақұрылымдық жобалар ретінде 2025-2026 жылдардың өзінде Қашаған кенішінде газ өңдеу зауытын, сонымен бірге, «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры мен «Бейнеу–Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін іске өосу жоспарланса, Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ құрылғысына негізделген электр стансасы салынса, Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғыртылмақ.
Каспий теңізінің астымен тартылатын талшықты-оптикалық байланыс желісі Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз жасауға мүмкіндік беретіндігіне тоқталды.
Сапалы автожол – кәсіпкерліктің дамуына серпін береді
Осы тұста тағы бір маңызды жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Президент Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын ірі инфрақұрылымдық жоба автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырды. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба. Әйгілі Алаш арысы Ахаң, Ахмет Байтұрсынов туған өлкенің ескірген инфрақұрылымдық жүйесін жандандыруда бұл жобаның пайдасы мол болары анық.
Шалғай ауылдарды дамыту арқылы шекараны бекемдей түспек
Ауылды дамыту тұжырымдамасында шекаралық аумақтарға қатысты жұмыстың негізгі бағдары айқындалған. Шеткері жатқан елді-мекендердің ахуалы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер етеді. Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру керек», - деді құрылтай отырысында Президент.
Сондай-ақ мемлекет басшысы «AMANAT» партиясы қабылдауды ұсынып отырған шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң жобасын Үкімет депутаттармен бірге мұқият қарастыруды тапсырды.
Жаңа Заң жүзеге асса елдің шетіндегі елеусіз ауылдардың тамырына қан жүгіріп, тіршілігі қайта қайнай түсері сөзсіз.
Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде Өңірлерді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Құжатта аймақтар арасындағы теңсіздікті жоюға және мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған тың тәсілдер қарастырылады.
Жасанды интеллектіні жаппай қолдансақ
Құрылтай отырысында Президент жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аударылатынын жеткізді.
Президенттің пікірінше жасанды интеллектіні қолдану бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін барынша арттыруға, салық және кеден ісін жүргізудің сапасын жақсартуға, мемлекеттік сатып алу саласын оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл үрдістерінің бәрін одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік бермек.
Әр аймақ өз туризмін табыс көзіне айналдырса
Туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс. Жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Жәнеде осы іс-шараларды бюджеттен тыс демеушілер есебінен өткізу арқылы табысқа кенелуге болады, – дейді Кемелұлы.
Алқалы жиында мемлекет басшысы экология мәселесіне де басымдық берді. Табиғи байлық, жан-жануарлар дүниесімен бүкіл әлемге танымал еліміздің биологиялық әралуандығын қорғау айрықша маңызды міндетке айналды, – деді.
Ең үлкен инвестиция ұрпақ білімі, халық денсаулығына салынады
Биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған екі жүзден астам мектеп салынады. Мына жайтты қаперде ұстаған жөн: барлық жерде тек «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу міндетті емес. Сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары.Үш жылда 1300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуға тиіс», – деді Президент Ұлттық Құрылтай мінберінде.
Бүкіл ел бойынша медицина инфрақұрылымын барынша дамыту жұмыстары жалғасып, жыл соңына дейін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 188 медицина нысаны салынады. Келер жылы 32 аудандық орталық аурухананы жаңғырту, сондай-ақ Қызылорда және Маңғыстау облыстарындағы ауруханалар ел игілігіне берілмек.
Аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтары салынады
Әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға баспанамен қамту бойынша былтыр мемлекет осы санаттағы адамдар үшін 21 мыңға жуық пәтер сатып алды.
Президент әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керек, – деген міндет жүктеді. Бұл әлеуметтік осал топтарға деген үлкен қамқорлық болмақ.
Бұқаралық спорт – денсаулық кепілі
Мемлекет басшысы биыл Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталғанын сүйіншіледі. Аталған жобаны арнаулы мемлекеттік қордан, яғни заңсыз активтерді қайтару есебінен қаржыландырылмақ.
Президенттің айтуынша үш жылдың ішінде екі триллион теңгеден астам заңсыз активтер елге қайтарылды. Бұл қаржы аймақтардағы өзекті экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалып жатыр.
Сөзін түйіндей келе Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қуатты аймақтар – қуатты ел» ұстанымы – менің саяси бағдарымдағы мызғымас қағиданың бірі. Біз еліміздің әлеуетін нығайта түсуіміз керек, яғни азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асатын және ең бастысы, мәселені тиімді шеше алатын әлеуеті мықты ел болуымыз қажет. Сондықтан білім мен инновацияға негізделген дамыған әрі жоғары технологиялық экономика құруға тиіспіз. Мұның бәрі азаматтар үшін жасалады. Себебі адам – біздің мемлекетіміз үшін ең басты құндылық», – деп қорытындылады.