сәрсенбі, 2 сәуір, 2025

Ұлттық құрылтай – қоғамдық-саяси диалогты дамытуға бағытталған маңызды платформа

/
Құрылтайдың маңызы артып келеді.

Бурабайда өткен Құрылтайда ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелер көтерілді. Мәжіліс депутаты  Мархабат Жайымбетов Ұлттық Құрылтайдың басты мақсаты – қоғамдық консолидацияны одан әрі дамыту үшін идеялар мен қадамдарды тұжырымдау екенін айтады.

«Отырыста, Мемлекет басшысының сөзі көлемді, аса мазмұнды болды. Президентіміз цифрландыру және жасанды интеллект, энергетика, агроөнеркәсіптік сектор және адами капитал салаларын дамытудағы басымдықтарды атай отырып, болашақтың бағдарын нақты анықтап берді. Жүргізілген саяси реформаларға тоқталды. Мәселен, 3 жыл ішінде аудан әкімдерінің корпусы 72%-ға жаңартылды. Олардың көпшілігі мемлекеттік қызметке алғаш келген азаматтар. Пилоттық жоба аясында аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда 45 әкім сайланды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы салық реформасына қатысты өз пікірін білдіріп, салықтардың түсуі бүкіл бюджеттік жүйенің негізі болатынын және бұл ретте азаматтар игілігі негізгі рөл атқаратынын айтты. Отырыста, Мемлекет басшысы ағымдағы кезеңде мемлекеттің бірінші кезектегі міндеттері – бұл өңірлердің экономикалық өсуінің жаңа бағыттарын ашу және өңірлік дамудағы теңгерімсіздіктерді жою екенін атап өтті. Осы мақсатта ағымдағы жылы экономиканың нақты секторын қаржыландыруды екі есеге жуық, 8 триллион теңгеге дейін, нақты секторды қорландыру көлемін – 10 триллион теңгеге дейін ұлғайтуын көздеп отыр», – дейді ол.

Бұдан бөлек өңірлерде бірқатар инфрақұрылымдық объектілерді іске қосылмақ. «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбыры, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші тізбегі, Қызылорда мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғылары базасындағы электр станциялары және т.б.

«Құрылтайда Президент «Жайлы мектеп» жобасы өңірлерде жағдай ойдағыдай емес екенін айтты. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына артта қалып бара жатқан өңірлердегі мектептер құрылысының қарқынын бақылауға алу тапсырылды. Президент аталған тапсырманың орындалуын жеке өзі тексеретін жеткізді. Сондай-ақ, отырыста білім мен денсаулықты сақтауға, ауыл шаруашылығын дамыту, дін мен идеология, IT саласы туралы айтып өтті.  Бұның барлығы халықтың тұр­мысын түзеуге, адам құқығын толық қорғауға, демократиялық үдерістерді жедел жүргізуге бағытталған. Мемлекет басшысы әрқашан Құрылтайдың еліміздің тарихында, руханиятында ерекше орны бар жерлерде өткізуді ұсынып келеді. Сыр елі үшін жағымды жаңалық,  ағымдағы жылы Қызылорда қаласының Қазақстанның тұңғыш астанасы болып бекітілуіне тура 100 жыл толады. Осы күнге орай Мемлекет басшысы келесі мерейтойлық 5-ші Ұлттық құрылтайды дәл осы қалада өткізуді ұсынды. Ұлт тірегі, жұрт тілегі болған Құрылтай алты Алаштың анасы болған Сыр елінде өтуі өңір үшін өте маңызды. Сондықтан, барлығымыз Президентіміз ұсынған реформаларды қолдап, жанынан табылып, еліміз үшін аянбай еңбек ете берейік!», – дейді депутат.

Ал Мәжіліс депутаты Данабек Исабековтың айтуынша Ұлттық құрылтай – Қазақстанда қоғамдық-саяси диалогты дамытуға бағытталған маңызды платформа.

«Құрылтайдың маңызы артып келеді. Халық пен билік арасында ашық пікір алмасуды қамтамасыз етіп, ұлттық бірлікті нығайту және қоғамдағы өзекті мәселелерді шешетін маңызды құралға айналды. Біріншіден, аймақтардағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді тікелей көтеруге жағдай жасайтын болды. Екіншіден, білім, мәдениет, экономика және басқа да салалар бойынша тың ұсыныстар айтылып, олардың жүзеге асуына жол ашылды. Үшіншіден, Құрылтай шешімдері билік тарапынан ескеріліп, заңнамалық және әлеуметтік реформаларға әсер ететін алаңға айналды. Сөзіміз дәлелді болу үшін айтайын, әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заңы түзетілді. Сондай-ақ, ономастика мәселелеріне, құрметті атақтарды беру, есірткімен күресті  күшейту және тағы басқа заңдарға өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Ұлттық кітап күні белгіленіп, Ғылымды дамытуға бағытталған жүйелі шаралар қабылданды. Мұның бәрі Ұлттық құрылтайдың мінберінде ғалымдар мен зиялы қауымның ұсынысы, Президенттің тікелей тапсырмасы екенін жақсы білеміз. Демек, Ұлттық құрылтай елдіктің жолы айқындалатын, мемлекеттік мұраттың міндеттері бағдарланатын жиынға айналды. Сондықтан жыл сайын құрылтайды асыға күтіп, онда көтерілетін мәселелерге жіте назар аударып жүреміз», – дейді ол.

Бөлісу: