дүйсенбі, 31 наурыз, 2025

Ұлттық құрылтайдың отырысы – елдің дамуындағы маңызды кезең

/
Құрылтай Қазақстанның болашағын айқындауға көмектеседі.

Мазмұны

    Бурабайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өткен болатын. Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков Құрылтайдың үш жыл ішінде азаматтық қоғамды нығайтып, мемлекеттік саясатты қалыптастыруда үлкен рөл атқарғанын, сондай-ақ елдегі әлеуметтік, мәдени және саяси мәселелерді шешуге ықпал еткенін айтады.

    «Президент экономикалық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыру және өңірлік теңгерімсіздіктерді жою қажеттігін ерекше атап өтті. Биыл экономиканың нақты секторын қаржыландыруды екі есеге арттыру және ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Газ өңдеу зауыттары, электр станциялары мен автомобиль зауыттары сияқты жобалар елдің транзиттік-көліктік әлеуетін күшейтіп, жаңа индустриялық өндірістерді дамытуға бағытталған.

    • Цифрландыру және жасанды интеллект Қазақстан электрондық үкіметті дамытуда әлемдегі үздік 25 елдің қатарында. Дегенмен, бұл саланың одан әрі дамуы үшін үлкен инвестициялар қажет. Деректерді сақтау және өңдеу инфрақұрылымын дамыту басты міндетке айналуы тиіс.
    • Әлеуметтік инфрақұрылым Жаңа мектептер мен ауруханаларды салу, әлеуметтік қолдауды күшейту, әсіресе осал топтарға қолайлы жағдай жасау жоспарланып отыр.
    • Жұмысшы мамандықтарының болашағы 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Техникалық және кәсіптік білімді дамыту елдің тұрақты дамуы үшін маңызды қадам.

    Ұлттық құрылтайдың отырысы – елдің дамуындағы маңызды кезең. Бұл шаралар Қазақстанның болашағын айқындауға және әрбір азаматтың игілігін қамтамасыз етуге бағытталған», – дейді ол.

    Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов Мемлекет басшысының Құрылтай отырысындағы сөзі жан-жақты мәселелерді тұтас қамтығанын айтады. Себебі Президент сөзінде қоғам өмірінің барлық салалары – экономика мен әлеуметтік саясаттан бастап қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік дамуына дейінгі мәселелер қамтылған.

    «Мемлекет басшысы ел азаматтарын жетілген және өзін-өзі қамтамасыз ететін ұлт болуға, тек өз күштері мен мүмкіндіктеріне сүйенуге, жаһандық өзгерістерге дайындалуға және Қазақстанды кез келген сын-қатерлерге төтеп бере алатын мықты мемлекетке айналдыруға шақырды. Сонымен қатар, ол әрбір азамат бір қарапайым ережені білуі керек екенін атап өтті. Егер адам бір орында тұрмай, өз-өзін үнемі жетілдіріп отырса, ол міндетті түрде жетістікке жетеді, ал мұның нәтижесінде ұлт та бәсекеге қабілетті болады. Ұлттық құрылтай отырысы аясында Мемлекет басшысы қазір мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті – өңірлердің экономикалық өсуінің жаңа бағыттарын ашу және өңірлік дамудағы теңгерімсіздіктерді жою екенін атап өтті. Осы мақсатта биыл экономиканың нақты секторын қаржыландыруды екі есеге жуық, 8 триллион теңгеге дейін, нақты секторды қорландыру көлемін – 10 триллион теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Алдағы төрт жыл ішінде елде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылады. Мемлекет басшысы алдағы 5 жылда агроөнеркәсіптік кешендегі барлық жинақталған проблемаларды шешіп, ауылшаруашылығын экономиканың жетекші салаларының бірі деңгейіне шығару, 10 жыл ішінде астықты үлкен көлемде өндіріп қана қоймай, оны дайын өнімге өңдеп, әлемдік нарыққа жеткізу міндетін қойды», – дейді ол.

    Бөлісу: