Мазмұны
«AMANAT» партиясының депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов Мемлекет басшысының Бурабайда өткен төртінші Ұлттық құрылтайда ілгері дамуды қамтамасыз ететін төрт стратегиялық бағытқа ерекше назар аударғанын айтты.
«Президент цифрландыру және жасанды интеллект, энергетика, агроөнеркәсіптік сектор және адами капитал салаларын дамытудағы басымдықтарды атай отырып, болашақтың бағдарын нақты анықтап берді. Мемлекет басшысы менің және басқа да әріптестерім көтерген қоғамдық әдеп мәселесіне ерекше мән беріп, әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау, жалған мәлімет таратушылды тыю жолын қарастыру керегіне назар аударды. Мысалы Ұлттық құрылтайдың мүшелері тарапынан этикалық мінез-құлық мәселелері, оның ішінде адамның қадір-қасиетін қорлау мен ар-ожданын таптау, әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату сияқты жағымсыз құбылыстарға қарсы тұру қажеттігі ескертілді», – дейді ол.
Өңірлерді дамытудың маңызды бағыты ретінде Мемлекет басшысы экологиялық көрсеткіштер, инфрақұрылым, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да түйінді параметрлер бойынша тепе-теңсіздіктерді жоюды атап өтті. Осы мақсатта қазір өңірлер арасындағы теңгерімсіздіктерді жоюға және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған жаңа тәсілдерді көздейтін Өңірлік даму тұжырымдамасы әзірленіп жатқаны айтылды.
«Мемлекет басшысы қазір мемлекеттің бірінші кезектегі міндеттері – өңірлердің экономикалық өсуінің жаңа бағыттарын ашу және өңірлік дамудағы теңгерімсіздіктерді жою екенін жеткізді. Осы мақсатта биыл экономиканың нақты секторын қаржыландыруды екі есеге жуық, 8 триллион теңгеге дейін, нақты секторды қорландыру көлемін – 10 триллион теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұдан басқа, өңірлерде бірқатар инфрақұрылымдық объектілерді іске қосу жоспарланған: Қашағанда газ өңдеу зауыты, «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбыры, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші тізбегі, Қызылорда мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғылары базасындағы электр станциялары, «Кендірлі» курорттық аймағындағы тұщыландыру зауыты, Қарағанды мен Екібастұздағы ферроқорытпа зауыттары, Жамбыл облысындағы минералды тыңайтқыштар өндіру жөніндегі химиялық кешен, Алматы және Қостанай облысындағы автомобиль зауыттары, Ақтаудағы контейнерлік хаб, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аумағында халықаралық әуежай, Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлар. Алдағы төрт жыл ішінде елде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылады. Оларды іске асырудың арқасында жаңа индустриялық негіз қалыптастырамыз, еліміздің транзиттік-көліктік әлеуеті нығаяды», – дейді ол.
Ал Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан Президенттің дін мәселесіне баса назар аударын атап өтті.
«Ислам – өзара құрмет пен келісім діні. Қазір әлем халқы аса күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Қауіп-қатерлер күшейді, геосаяси ахуал да күрделеніп барады. Кейбір санасыз, надан адамдардың, арандатушылардың іс-әрекетінің салдарынан әлемдегі ислам дінінің де беделі төмендеп кетті. Өкінішке қарай, осындай үрдіс пайда болды. Мұндай алмағайып кезде біз ынтымағымызды нығайтуымыз керек. Бұл – аса маңызды міндет» деген Мемлекет басшысының осынау парасатты ойына толығымен қосыламын!
Өкінішке қарай, ата-бабаларымыз берік ұстанған Ислам дінін қаралау біздің елімізде де арагідік кездесіп қалады. Ислам діні – ол Жаратқан Иемнің қазақ халқына берген сыйы, ырысы. Асыл дініміз – тәрбие, ақыл-сана, әдеп, адалдық, тазалық емес пе?! Ислам дінінің арқасында біз ұлт ретінде сақталып қалдық. Бүгінгі күні де Ислам біздің тас қамалымыз, қорғанымыз. Қарап көрсеңіз, қазіргі қоғамдағы орын алған барлық кесапаттық көріністер Исламның қағидаттарына қарсы келеді. Олар – зорлық-зомбылық, маскүнемдік, нашақорлық, зинақорлық, ойын құмарлық, өсімқорлық. Бұнын бәрі халқымызға төніп тұрған зор қауіп-қатер. Олар, әсіресе, буыны қатпаған жастарымызды ойын улап, бойын қорлап, көп жағдайда өлім аузына апаруда», – дейді ол.