Жуырда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Президенті қызметіне кіріскеніне алты жыл толды жыл толады. Премьер-министр Олжас Бектенов соңғы алты жыл ішінде болған коронавирус пандемиясынан бастап жаһандық геосаяси шиеленістерге дейінгі көптеген сын-қатерге қарамастан, экономикалық дамуда елеулі нәтижелерге тоқталып өтті.
Мемлекет басшысы жақында ғана өскелең ұрпақты қолдау шараларын жүйеге келтіруге және күшейтуге бағытталған «Қазақстан балалары» атты жаңа біртұтас бағдарламаны ұсынды. Биыл 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Президент біздің еліміз әлеуметтік мемлекет болып табылатынын тағы да атап өтті. Әрі бұл әлеуметтік көрсеткіштердің өсуі бойынша мемлекеттің нақты шараларынан көрініс тауып отыр.Соңғы алты жылда ең төменгі жалақы мөлшері кезең-кезеңімен екі есе, яғни 42 500 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайды. Бұл шамамен 2 миллион азаматтың әл-ауқатына оң әсер етті. 600 мыңға жуық педагогтың жалақысы екі есеге артты, үш жыл ішінде дәрігерлердің жалақысы жыл сайын 30%-ға, орта медициналық персоналдың жалақысы 20%-ға көтерілді, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің жалақысы екі есеге ұлғайтылды. Көпбалалы отбасыларға олардың табысына қарамастан төленетін жәрдемақы енгізілді, бала күтімі бойынша төлемдер бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін арнайы төлем енгізілді, – дейді Үкімет басшысы.
Оның мәлімдеуінше, 2019 жылдан бастап өмір сүру ұзақтығы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайған. Жалпы өлім-жітім 7,8%-ға, ана өлімі – 26,3%-ға, нәрестелердің шетінеп кету көрсеткіші – 15,8%-ға төмендеді. Бұған профилактиканың тиімділігін арттыру және скринингпен қамту деңгейін кеңейту ықпал етті.
2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша 955 денсаулық сақтау нысаны салынды. Олардың ішінде Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық және Ұлттық жедел медициналық үйлестіру орталығы сияқты маңызды мекемелер бар. Президенттің «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасының арқасында, бала сүйе алмаған отбасыларда 2021 жылдан бері 9 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін арттыруға, әсіресе ауылдық жерлерді қажетті мамандармен қамтуға ерекше назар аударылып келеді. Мәселен, ауылдық елді мекендерге кемінде 5 жыл мерзімге жұмысқа келген медицина қызметкерлеріне 8,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем енгізілді. Тұрғын үй мәселелерін шешудің қолжетімді құралдары бар. Білім беру саласында атқарылып жатқан іс-шаралар мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын жоюға, білім сапасын жақсартуға, педагог мәртебесін көтеруге бағытталған. Соңғы алты жылда 1 367 балабақша ашылып, кезекте тұрғандардың санын 5 есеге қысқартуға қол жеткізілді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары 100% тегін тамақпен қамтамасыз етілді, – дейді Олжас Бектенов.
2019 жылдан бері елімізде рекордтық көлемде – 1 200 мектеп салынып, 1 миллионға жуық оқушы орны ашылған.
Ауылдық жерлердегі 3 мыңнан астам мектеп жаңғыртылды. Бұл 32 апатты жағдайдағы және 71 үш ауысымды мектептің мәселесін, сондай-ақ еліміздегі 200 мектептегі орын тапшылығын шешуге мүмкіндік берді. Биыл шамамен 200 мектептің құрылысы жалғасады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аудан орталықтары мен ауылдарда 1 мың мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өте маңызды бағыт, өйткені еліміздегі орта мектептердің 2/3 бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан. Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге тың серпін берді. Жаңа экономика үшін білікті әрі сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында колледждер мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық нығайтылуда. Қазіргі уақытта 498 компания 410 білім беру мекемесін қамқорлыққа алды, «Жас маман» жобасы аясында 180 колледж жаңғыртылды. Колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға ұлғайтылды. ЖОО студенттеріне арналған 62 мың орындық 251 жатақхана пайдалануға берілді, – дейді Премьер-министр.
Үкімет басшысының айтуынша, елімізде ғылыми кадрларды қолдау да ерекше маңызға ие, әсіресе соңғы алты жылда ғылымдағы жастардың үлесі алты есе өсіп, 46%-ды құрағанын ескерсек, бұл мәселенің өзектілігі арта түскенін байқауға болады. Ол үшін докторантураға бөлінетін білім беру гранттарының саны артып, ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері кеңейе түсуде.
Ғылыми жетістіктерді нақты экономика секторына енгізу және оларды коммерцияландыру – маңызды бағыттардың бірі. Биыл 2 297 ғылыми жоба мен 299 ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылуда. Жас ғалымдар ғылыми қызметке белсенді түрде тартылып, олардың қатысуымен 1 055 жоба іске асырылып жатыр. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға келетін болсақ, бүгінде 208 жоба қолданысқа сәтті енгізілді, 180-нен астам өндіріс сатылым кезеңіне шықты. Коммерцияландыру жобаларының еліміздің экономикасындағы жалпы үлесі 118,7 миллиард теңгені құрады. 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 25 жоба экспортқа шықты, 6 жобаның сатылым көлемі 1 миллиард теңгеден астам сомаға жетті, – дейді О.Бектенов.
Спорттық инфрақұрылым да қарқынды дамып келеді. Алты жыл ішінде өңірлерде 314 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 58 бассейн салынды. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің саны 40-қа, яғни 481-ден 521-ге дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтардың үлесі 31,5%-дан 41,4%-ға немесе 5,9 миллион адамнан 8,4 миллион адамға дейін өсті. Мемлекет басшысының заңсыз иемденілген активтерді қайтарудан түскен қаражатты әлеуметтік міндеттерді шешуге бағыттау жөніндегі тапсырмасы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың пәрменді құралына айналды. Арнаулы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында 280-ге жуық жобаны жүзеге асыруға, сондай-ақ инженерлік желілер мен су шаруашылығы нысандарын жаңғыртуға 194 миллиард теңгеден астам қаражат аударылды.
Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу міндетіне басымдық беріп отыр. Бұл экономикалық өсудің жаңа қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Қазақстан IT-қызметтер экспортын ұлғайта отырып және осы бағытта елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, Орталық Азия елдері арасында сенімді түрде көш бастап келеді. Бұл сала бойынша еліміздің бәсекелестік артықшылықтары жетерлік. Цифрлық шешімдер түрлі салаларға дендеп еніп, олардың тиімділігі мен жедел дамуын қамтамасыз етті. Балабақшаларда «Отбасының цифрлық картасы», «Әлеуметтік әмиян» және цифрлық ваучерлер белсенді қолданылады, QazaqLaw (заңнамалық база бойынша көмекші), LLM ұлттық тілдік моделі жасалды, «Бизнестің цифрлық картасы» және басқа да жобалар әзірленуде. Соңғы бес жылда инновациялық өнім көлемі екі еседен астам, 1,1 триллион теңгеден 2,4 триллион теңгеге дейін өсті. ЖИ дамуына жәрдемдесу үшін Президент тапсырмасы бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында қаржыландырудың мақсатты көлемі 1 миллиард долларды құрайтын Qazaqstan Venture Group қорларының венчурлық қоры құрылды. Қор Қазақстан мен Орталық Азияның инновациялық жобаларына басымдық бере отырып инвестиция салады. Биыл еліміздің жедел цифрлық трансформациясына ықпал ететін Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік, энергетика, агроөнеркәсіп секторы және адам капиталының даму әлеуеті жоғары екенін ерекше атап өтті. Үкімет жүктелген міндеттерді орындауға бар күш-жігерін салады. Көріп отырғанымыздай, соңғы 6 жыл ішінде атқарылған жұмыс аз емес, бірақ алда бұдан да ауқымды міндеттер тұр, – деп түйіндеді Премьер-министр.