Мазмұны
14 наурызда Бурабайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен төртінші Ұлттық құрылтай отырысы өтіп, алқалы жиында ауқымды елдік мәселелер ортаға салынған болатын. «AMANAT» Фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев бұл Құрылтайда маңызды міндеттер қойылғанын айтады.
«Мемлекет басшысы осы кезге дейін атқарылған істерді қорытындылап, алдымызға бірқатар маңызды міндеттер қойды. Олардың қатарында салық жүйесін жетілдіруге жеке тоқталып, заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізуді тапсырды. Мұны алдағы жұмыс барысында депутаттар басшылыққа алатын болады. Жаңа ақпараттық технологиялардың қарқын алуына орай қазіргі таңда Интернет-алаяқтық белең алып отыр. Сол сияқты жалған психологтар мен «коучтардың» да көбейіп, қарапайым халықты сарсаңға түсіріп жүргені жасырын емес. Президент бұл мәселеге де мән беріп, құқық қорғау органдары мен депутаттарға осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуді жүктеді. Бұл – өте орынды көтерілген мәселе. Сондай-ақ кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің мазмұны мен сапасы да Президент назарынан тыс қалмады. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде түсірілген отандық фильмдердің арасында сапасы сын көтермейтін, тілі дүбәра, әдепсіз көріністерден көз сүрінетін, қатыгездікті, зорлық-зомбылықты насихаттайтын кинолар да кездесіп қалады. Ол өскелең ұрпақтың санасына теріс әсер ететіні сөзсіз. Мемлекет басшысы бұл мәселеге де ден қойып, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастыруды айтты», – дейді ол.
Елдің аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуде шекара маңындағы елді мекендерді сақтап, дамытудың маңызы зор. Осыған байланысты «AMANAT» партиясы шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынған болатын.
«Мемлекет басшысы осы бастаманы қолдап, Үкіметке депутаттармен бірге бұл ұсынысты мұқият қарастыруды тапсырды. Бұл да – еліміздің қауіпсіздігі мен шекара маңындағы өңір тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне серпін берер оң қадам. Қазіргі кезде әлем төртінші өнеркәсіптік революцияның табалдырығында тұр. Озық елдер цифрландыруға, жасанды интеллект технологиясын дамытуға жаппай кірісуде. Жаңа заманның көшінен қалмау үшін еліміз де жүйелі жұмыстарды қолға алуы керек. Осы ретте Президент «Меніңше, Қазақстанның кемінде төрт салада орасан зор мүмкіндіктері бар. Осы салаларда біз өз елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, аймақтық, тіпті, жаһандық ауқымда ықпалымызды жүргізе аламыз. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы негіз болады», – деп, басым бағыттарды айқындап берді. Алқалы жиын барысында Мемлекет басшысы алдымызға қойған маңызды міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындау – ел дамуының кепілі. Сондықтан Президентіміз айтқандай, «алдағы уақытта да осылай береке-бірлікте болып, еліміздің болашағы үшін маңызды жұмыстарды бірге атқара береміз», – дейді ол.
Депутаттың айтуынша Мемлекет басшысының бастамасымен қайта жаңғырған Құрылтай шақыру дәстүрі өз жемісін беріп келеді. Ұлтымыз үшін ерекше орны бар қасиетті жерлерде өтіп келе жатқан Ұлттық Құрылтайларда өзекті түйткілдер мен келелі ұсыныстар ортаға салынып қана қоймай, заңнамалық шешімін тауып, нақты жүзеге асып жатыр.
Мәселен, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атыраудағы Құрылтайда берген тапсырмасының негізінде 10 заң жобасы дайындалып, оның 9-ы қабылданды. Атап айтқанда:
- Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету заңмен тиянақталып, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жаза күшейтілді.
- Электрондық тұтыну жүйелерін (вейптер) әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық заңнамалық тыйым салынды.
- Құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салынып, лицензиясыз онлайн казинолар мен букмекерлік кеңселерді бұғаттау қолға алынды. Мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салынды.
- Ескерткіштер мен табиғи объектілерге қатысты вандалистік әрекеттер үшін жаза күшейтілді.
- Есірткі қылмысы үшін жаза күшейтілді. Сатуды ұйымдастырушы мен есірткі бизнесін қорғайтын шенеуніктерді өмір бойына бас бостандығынан айыру бекітілді.
- Онамастика мәселелеріне қатысты түзетулер енгізілді. Енді барлық атауларды өзгерту және беру орталық уәкілетті органмен келісілетін болды.
«Бұл басты-бастылары ғана. Осы аталған заңдар қоғамда белең алған көптеген әлеуметтік дерттерге тосқауыл қойып, қоғамды оңалтуға оң әсерін беруде. Тарихи тамыры терең Ұлттық Құрылтай ұлтымызды ұйыстыруда, халқымыздың бірлігін нығайтуда, идеологиялық бағыт-бағдарымызды айқындауда, келелі кеңес құруда, көпшілікті толғандырған өзекті мәселелерді бірлесе шешуде, түбегейлі елдік шешімдер қабылдауда маңызды платформа қызметін атқара беретіні сөзсіз», – дейді ол.