Ақтөбеде есірткі дайындап, адам өлтіргені үшін бұрын сотталған тіс технигі түрме қызметкеріне пара бергені үшін тағы да жазаланды.
33 жастағы сотталушыға Қылмыстық кодекстің “Пара беру” бабы бойынша айып тағылды.
Іс материалдарына сәйкес, №70 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан Мейрамбек Сүйінғарин түрме қызметкерімен байланыс орнатып, оған телефон, қуаттағыш, құлаққап және SIM-карта кіргізіп беруді сұраған. Алайда мекеме қызметкері ұсыныстан бас тартып, бұл туралы басшылыққа хабарлайды.
Біраз уақыттан кейін сотталушы қайтадан әрекеттеніп, қызметкерге 70 000 теңге көлемінде пара ұсынған. Бұл жолы қызметкер алдын ала келісіммен ұсынысты қабылдаған болып, оны әшкерелеу шарасын ұйымдастырады.
Сотталушы жоспарын іске асыру үшін камераласына туысы арқылы ақша мен телефон жеткізу туралы өтініш жасауын сұраған. Камераласы оған сеніп, інісіне хабарласып, түрме қызметкерімен кездесуді ұйымдастырған. Белгіленген орында – азық-түлік дүкенінің алдында – сотталушының інісі қызметкерге телефон мен ақшаны табыстаған.
Сот процесінде Мейрамбек Сүйінғарин кінәсін мойындамады. Дегенмен сот оны айыпты деп танып, Қылмыстық кодекстің “Пара беру” бабына сәйкес 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ сот Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3 және 6-бөліктеріне сүйене отырып, оның түпкілікті жазасын 19 жыл 3 айға ұзартты.