сәрсенбі, 2 сәуір, 2025

Ғылыми жұмыстардың белгілі бір бөлігі міндетті түрде қазақ тілінде жазылып, қорғалуын талап ету маңызды – Рауан Кенжехан

/
Оның пікірінше, гуманитарлық және фундаменталды ғылымдарды оқып жатқан болашақ мамандар үшін мемлекеттік тілде жазылған оқулықтар мен әдістемелік құралдар жеткілікті болуға тиіс.

Кеше Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың білім және ғылым тәртібіне арналған арнайы отырысында көптеген ұсыныс айтылды. Ұлттық құрылтай мүшесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті тіл саясатына қатысты қандай мәселелер қаралғаны туралы сөз қозғады, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Қазір жиырма аймақтың тек төртеуінде ғана бөлек Тіл басқармасы бар. Менің ойымша, бұл тек ғана мемлекеттік тілге емес, жалпы елдегі тілдік ахуалды, тіл саясатын іске асыру үшін өте қажет құрал, – деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан барған сайын көптілді қоғамға айналып келеді.

– Бізге ұнасын, ұнамасын, ағылшын тілінің ықпалы өте қатты күшейіп келеді. Сондықтан мемлекеттік тіл, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі және басқа да тілдер арасындағы қарым-қатынасты реттеп отыратын, олардың қолдану аясын – жарнамада, кинода, өнерде, білімде қалай пайдаланылатынын қадағалайтын арнайы орган болуы керек, – деп өз ойын білдірді.

Сонымен қатар, құрылтай мүшесі Мемлекет басшысының қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту туралы тапсырмасына тоқталды. Бұл бағытта нақты шаралар қажет екенін айтып:

– Қазақстанда қорғалатын ғылыми жұмыстардың белгілі бір бөлігін міндетті түрде қазақ тілінде жазылып, қорғалуын талап ету керек. Бұл – өте маңызды қадам, – деді.

Оның пікірінше, гуманитарлық және фундаменталды ғылымдарды оқып жатқан болашақ мамандар үшін мемлекеттік тілде жазылған оқулықтар мен әдістемелік құралдар жеткілікті болуға тиіс.

– Қазір оқушылардың төрттен үші мектепті қазақша бітіріп, оқу орнына келеді. Бірақ көптеген мамандық бойынша қажетті оқулықтар мен оқу құралдары қазақ тілінде жоқ. Бұл түсінікті жағдай, себебі олар негізінен өзге тілдерде жазылады. Әсіресе, фундаменталды ғылымдар бойынша. Бірақ оларды ауқымды түрде, тұрақты түрде аударып, жаңартып отыруымыз қажет, – деп атап өтті.

Сондай-ақ, білім беру жүйесіндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытылу әдістемесін жетілдіру қажеттігін көтерді.

– Біз қазіргі мұғалімдерді сынаудан аулақпыз, бірақ бұл – ұдайы дамуды талап ететін сала. Ағылшын тілінде де, орыс тілінде де әдістемелер жаңартылып отырады. Бізге де заман талабына сай, жаңа технологияларды ескеретін тиімді әдістемелер қажет, – деді ол.

Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, жыл сайын Тіл және әдебиет мұғалімдерінің форумдарын өткізіп, оларға қажетті құралдарды жасақтау және жеткізу мәселелерін шешуге талпынып жатқандарын айтты.

Бөлісу: