Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті айда ауызашар өткізу әдебіне қатысты мәлімдеме жасады.
«Қасиетті Рамазан – мұсылман баласын рухани тәрбиелеп, қарапайымдылық пен кішіпейілдікке баулып, дәулетті мен мұқтаждың арасын жақындастыра түсетін ай. Бұл айда жасалатын әрбір жақсылықтың сауабы еселенеді. Сондай-ақ мұқтажға қол ұшын беру – үлкен сауапты іс. Сол сауапты істің бірі – аузы берік жанға ауызашар беру.
Өкінішке қарай, соңғы кездері еліміздегі бірқатар мейрамхана, кафе мен дәмхана иелері ауызашар мәзірінің бағасын өте жоғары ұсынып, халық арасында түсінбеушіліктің туындауына себепші болуда.
Асыл дініміз ауызашар дастарқанында ас та төк ысырапқа жол беруге, дастарқан жасауда бәсекелесуді құптамайды. Ондай әрекет сауапқа емес күнәға жетелейді. Ауызашар дастарқаны қарапайымдылыққа негізделуі тиіс. Қасиетті Құранда: «... ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят).
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мейрамхана, кафелер мен тамақтану орындарының иелеріне халыққа қолжетімді қарапайым ауызашар мәзірін ұсынуға шақырады», - делінген ҚМДБ хабарламасында.