дүйсенбі, 31 наурыз, 2025

«Jaiyq» футбол клубы Екінші лигада ойнауға мүмкіндік алды

/
Клуб ресми лицензияға ие болды.

Мазмұны

    «Jaiyq» футбол клубы Қазақстанның екінші лигасында кәсіби деңгейде ойнауға мүмкіндік беретін ресми лицензияға ие болды. Бұл – қадам клубтың дамуы үшін маңызды кезең және командаға жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазір команда алдағы маусымға белсенді дайындық жүргізіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылуда.

    «Лицензия алу – клуб үшін үлкен жетістік. Біз барлық талаптарға сай болу және команданы кәсіби деңгейде ойнауға дайындау үшін ауқымды жұмыс атқардық. Енді алдымызда жаңа міндеттер тұр және біз оларды орындауға дайынбыз», – деді клуб директоры Дамир Калаков.

    Команданың бас бапкері Вячеслав Невольников маусымға дайындық қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Физикалық дайындықты жақсарту, тактикалық схемаларды жетілдіру және командалық өзара әрекеттестікті дамыту мақсатында жаттығу жиындары өткізілді. Жақын арада команда Түркістан қаласына 20 күндік оқу-жаттығу жиынына аттанады. Онда бірнеше бақылау матчтары өткізіліп, негізгі құрам жасақталып, ойындық тактика толық пысықталатын болатынын атап өтті.

    «Лицензия – кәсіби футболға қадам басуымыздың айғағы, және біз сенімді ақтауға дайынбыз. Команда жоғары мақсат қойып отыр, әрбір ойыншы өз рөлін түсінеді, және біз әр ұпай үшін күресуге дайынбыз. Жанкүйерлер қызықты әрі тартысты ойын тамашалай алады», – деді команда капитаны Бауржан Омаров.

    Клубтың тағы бір маңызды бастамасы – ресми логотипті таңдау бойынша халықтық дауыс беру өткізу. Жанкүйерлер бұл процесте белсенді қатысып, клубтың аймақ тұрғындарымен тығыз байланыста болуға деген ұмтылысын көрсетуде.

    «Jaiyq» футбол клубы тек спорттық жетістіктерге ғана емес, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында футбол мәдениетін дамытуға да баса назар аударады. Клуб басшылығы жанкүйерлермен, демеушілермен және жергілікті қауымдастықпен белсенді жұмыс істеп, аймақта футболды кеңінен насихаттауға жағдай жасауда.

    «Біз клубымызды қолдайтын барлық жандарға – аймақ басшылығына, демеушілерге, жанкүйерлерге, бапкерлер құрамына және ойыншыларға алғысымызды білдіреміз. Алдымызда қызықты маусым тұр, сондықтан барша футболсүйер қауымды бізді қолдауға және «Jaiyq» командасының ойындарын бірге тамашалауға шақырамыз!», – деп атап өтті Дамир Калаков.

    «Jaiyq» футбол клубы кәсіби футболға ресми түрде қадам басып, аймақ намысын ұлттық деңгейде абыроймен қорғауға дайын.

    Бөлісу: